Қазақстанда көлік салығын төлеу мерзімі өзгереді, деп хабарлайды Ұлттық экономика министрлігінің баспасөз қызметі.
«Салық төлеушілердің әкімшілік және уақытша шығындарын азайту мақсатында салықты және әлеуметтік төлемдер төлеуді жеңілдету жұмыстары жүргізіледі. Бүгінде көпқабатты үйлердің тұрғындары мүлік және жер салығын төлеуге мәжбүр. Бұл ретте салық сомасы аз, ал әкімшілік шығын едәуір. Жеке тұлғалардың мүлік және жер салығын біріктіру ұсынылуда. Бұл ретте көппәтерлі тұрғын үй иелерінің жер салығы алынып тасталады», - делінген министрлік дерегінде.
Сонымен қатар, көлік салығын төлеу мерзімін өзгерту де көзделіп отыр.
«Қазір салықты жыл соңына дейін төлеу қажет. 2020 жылдан бастап салықты келесі жылғы 1 сәуірге дейін төлеу жоспарланып отыр. Бұл автомобиль иелері үшін қолайлы. Жүргізіліп жатқан жұмыстардың негізгі мақсаты – адал салық төлеушінің мүддесін қорғау», - делінген хабарламада.