|
16.03.2023 | 20:16
4199

Ұлттық қордың көлемін 100 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр - министр

Қазақстанның мемлекеттік қарызы өсіп келеді

Ұлттық қордың көлемін 100 миллиард долларға жеткізу міндеті тұр - министр inform.kz

Қазақстанның мемлекеттік қарызы өсіп келеді. Соңғы 8 жылда ұлттық қордағы ақша 73 миллиард доллардан 57 миллиард долларға дейін азайған. Бұл туралы бүгін Жоғары палата отырысында Қаржы министрі мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Ерұлан Жамаубаевтың ақпарынша, қазір әлемдік инфляция деңгейі мен базалық мөлшерлеме өте жоғары. Елдегі бюджет тапшылығын жою үшін оны қарызбен жабу қиын. Сондықтан күрделі кезеңде қаржылай тәртіпті сақтауға шақырды. Ұлттық қордың көлемін 100 миллиард долларға жеткізу міндеті тұрғанын айтты.

«Қазір бюджетке инвестиция салуды жоспарлап отырмыз. Ішкі нарыққа қаражат тартамыз, бюджет тапшылығын жабу үшін қолдау көрсететін жинақтау қоры бар. Қазір екіжақты жұмыс жасалып жатыр. Біздің болжамымыз бойынша, ішкі жалпы өнімнің 30 пайызынан аспауы қажет. Биыл Мемлекет басшысының Ұлттық қорды 100 миллиард долларға жеткізу туралы тапсырмасын орындауымыз керек. Қазір Ұлттық қор ресурстарының төмендеу тенденциясын көріп отырмыз», – деді ҚР Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев.

Қазір ел экономикасы үшін күрделі кезең. Ұлттық банк төрағасының сөзінше, әлі де доллар сан құбылып өсуі мүмкін деген болжам бар. «Бұл ретте Үкімет мүшелері алдағы уақытта ел қазынасын үнемдеуі керек» дейді Сенат төрағасы. Мәулен Әшімбаев Ұлттық қордағы қаражат көлемі азайғанын еске салып, әр салаға қаржылық тәртіп орнатуды ұсынды.

«Бізге қаржы саласында тәртіп керек. Өйткені шығыс өте көп. Бюджеттің 40 пайызы әлеуметтік салаға бөлінеді. Сол себепті ары қарай халықты қолдау үшін, жылу жүйелерін жаңғырту үшін көп қаражат керек», – деді ҚР Парламенті Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев.

Ауыл тұрғындарын тегін медициналық қызметпен қамтамасыз етуге бағытталатын қаражат көлемі биыл азайған. Ауылдағы ағайынның профилактикалық тексеруден өтуіне 12 млрд теңге бөлінуі керек екен. Сол қажетті қаражаттың биылға тек 3 млрд теңгесі ғана қарастырылған. Қаражаттың 3 есе қысқару себебін сенатор Ақмарал Әлназарова қос министрліктен сұрады.

«Денсаулық сақтау министрлігі ауыл тұрғындарының профилактикалық тексеруден өтуіне биыл 12  миллиард теңге керегін айтты. Бірақ  2023 жылы тек 3,4 миллиард теңге бөлу көзделген. Қаржылық тапшылықты жабу жоспарларыңыз қандай? Осындай маңызды іс-шараға қаражатты толық жоспарлауға не кедергі», – деді ҚР Парламенті Сенатының депутаты Ақмарал Әлназарова.

Қазір шаруалар үшін субсидия мәселесі өзектілігін әлі жойған жоқ. Республика бойынша былтырдан бері оларға 26 миллиард теңге әлі күнге төленбеген. Сенатор Зәкіржан Күзиевтің айтуынша, бұл – жеке қосалқы шаруалар мен шағын фермерлер кооперативтерге бірігуі тиіс деген бастаманың салдары.

«Кезінде кооперативтер жиналса, жеңілдікпен несие беретіні айтылды ғой. Сол уақыттан бері 65 пайыз жалған кооператив құрылған. Екіншіден, алған несие толық берілмеген. Сол мәселені қайта көтеріп отырмыз», – деді ҚР Парламент Сенатының депутаты Зәкіржан Күзиев.

Жиын соңында сенаторлар 2023 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау жобасын мақұлдады. Биыл бюджет кірісі 404 млрд теңгеге ұлғаяды деген болжам бар. Шығын көлемі де 1,5 триллионға өсуі мүмкін.

Кәмшат Мұхамеджан, Данияр Омар, Ринат Өтеев, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир