Ресейдегі экономикалық ахуал Қазақстанға қалай әсер етеді

Almaty.tv
Almaty.tv
Экономистердің пайымдауынша, доллардың бағамы 460-480 теңге арасында болуы керек
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ресейдің АҚШ валютасынан бас тартуы теңгеге кесірін тигізуі мүмкін. Кейбір сарапшы мұнымен келіссе, енді бірі басқаша пайымдайды. Көрші елдегі экономикалық ахуал Қазақстанға қалай әсер етеді? Осы және өзге сұраққа «Алматы» телеарнасының студия қонағы экономист Сапарбай Жұбаев жауап береді.

– Сапарбай мырза, соңғы кезде ұлттық валюта құны құбылып тұр. Себебін қалай түсіндірер едіңіз?

– Қазақстанда доллар мен теңгенің байланысы, яғни айырбастау бағамы төлем балансына байланысты. Яғни, төлем балансының ең негізгі көрсеткіші –  экспорт пен импорттың айырмашылығы. Бізде экспорт көп. Ал импорт аз. Сондықтан соңғы 4-5 айда теңге тұрақты. Бірақ соңғы кездері теңге бағамына мұнай бағасы мен Ресей рублінің де, юаньның да әсері бар. Бірақ Ресей рублі көбірек әсер етеді. Себебі ЕО кеңесі шеңберінде Ресеймен 35-40 пайыз сауда жасаймыз. Сондықтан  Ресей рублінің деңгейі 35-45 пайызға төмендеуі теңгені де соған сәйкестендіруге мәжбүрлеп тұр. Доллардың 20 теңгеге өсуі Ресей рублінің құнсызданып кетуімен байланысты. Экономистердің пайымдауынша, доллардың бағамы 460-480 теңге арасында болуы керек.  

– Сонда рубльдің құнсыздануы теңгеге кері әсер етті делік. Ал Ресей доллардан бас тарта бастады. Онда теңге құнсызданады деген сөз бе?

– Иә, Ресей АҚШ және батыс елдерінің санкциясына қарсы тұру үшін соңғы 5-10 жылда долларсыздандыру деген саясатты ұстанып жатыр. Бірақ бұл Ресейдің доллардан бас тартады деген сөз емес.  Долларсыздандыру – көрші елдермен сауда-саттықты Ресей рублінде немесе юаньда, Үндістанмен рупиде, Қазақстанмен теңгеде сауда жасау. Ал соңғы 3-4 айда Ресейдің қаржы министрлігі өте көп доллар сатып алды. Ал долларды мемлекеттің ақшасына сатып алғанда, оған сұраныс артты да, бағамы көбейді. Ресейге доллар керек, ол долларсыз жұмыс істей алмайды. Көп елмен сауданы доллармен жүргізеді. Ал өзімен әріптес мемлекеттермен мұнайын, газын рубльге, юаньға сатуы мүмкін. Ресей долларсыздандыру мәселесін БРИКС шеңберінде жүргізбекші болған, бірақ соңғы Оңтүстік Африкадағы жиналыста Үндістан ұсынысты қолдамады.  Сондықтан жақын 50-100 жылда доллар болып қала береді.  

Оқи отырыңыз: 4 қыркүйекке арналған валюта бағамы

Новости партнеров