|
09.04.2021 | 22:46
16455

Жанармай бағасы қымбаттады: халық неге алаңдаушылық білдірді

Сұранысқа ие АИ-92 бензинінің бағасы бір аптада орташа есеппен 15 теңгеге өскен

Жанармай бағасы қымбаттады: халық неге алаңдаушылық білдірді

Алматыда жанармай бағасы қымбаттады. Сұранысқа ие АИ-92 бензинінің бағасы бір аптада орташа есеппен 15 теңгеге өскен. Мамандар мұны елдегі екі мұнай өңдеу зауытындағы жөндеу жұмыстары және экономикалық дағдарыспен байланыстырып отыр. Ал, бағаның шарықтауы азық-түлік бағасына қаншалықты әсер етуі мүмкін. Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғайдың бейнематериалы.

Ел бойынша АИ-92 бағасы литріне 154 және178 теңге аралығында саудалануда. Ал, Алматының кейбір бекеттерінде бұл марканың бағасы 168 теңгеге дейін жеткен. Сондай-ақ, Sinooil желісінде сұранысқа ие марка 164, ал Petrol Asia-да 163 теңгеден сатылып жатыр.

Бағаның айтарлықтай шарықтауы қаладағы барлық дерлік жанармай бекеттерінде тіркеліп отыр. Мәселен, мұнда 1 литр АИ-92 маркалы бензиннің бағасы бір апта бұрын 150 теңге шамасында болса, қазір 164 теңгеге көтерілген. АИ-95 болса 186 теңгеден сатылуда.

Ал, экономистер бағаның шарықтауының басты себебі теңгенің құлдырауы деп отыр. Олардың айтуынша, бензин бағасының өсуі азық-түліктің құнына кері әсер етеді. Нәтижесінде елде баға тұрақсыздығы белең алуы мүмкін.

«Кез келген энергия тасымалдаушы бағасының көтерілуі барлық тауардың қымбаттауына әкеледі. Оған жанармай, мұнай, электр энергиясы жатады. Себебі кәсіп иесі өзіне шығын келмеу үшін тауар бағасын көтеруге мәжбүр. Қандай тауар айналымы болмасын, барлығы логистикамен тікелей байланысты», – деді экономист Айдар Әлібаев.

Дегенмен қалалық кәсіпкерлік және инвестиция басқармасының өкілдері жанармай құнының өсуі азық-түлік бағасына қатты әсер ете қоймайды деп сендірді. Сондай-ақ, басқарма қаладағы баға тұрақтылығын қатаң бақылауда ұстап отырмыз дейді.  

«Бензиннің қымбаттауы азық-түлік бағасына аздап қана әсер етеді. Себебі ол тауардың өзіндік құн шығынының тек бір пайызын ғана алады. Сондай-ақ, қала бойынша тұрақты бағаны ұстап тұруға барынша тырысып жатырмыз», – деді қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасы басшысының орынбасары Дамир Тазабек.

Бағаның бұлайша құбылуына жүргізушілер наразы. Олардың сөзінше, жанар-жағармайдың қымбаттауы халықтын қалтасын қағып жатыр.

БЛИЦ-1:

- Бензиннің бағасы көтерілгені дұрыс емес деп ойлаймын.

Өйткені барлық нәрсе қымбаттап жатыр. Халыққа ауыр тиеді ғой қанша дегенмен.

- Көңілім толмайды, 20-30 теңгеге қымбаттап кетті бензин. Неге қымбаттағанын білмейміз. Қарапайым халыққа қиын болып жатыр.

- Ақша жоқ. Бензиннің көтеріп тастаған бағасын. Халықта ақша жоқ қой вообще.

Айта кетейік, Солтүстік Қазақстанда бензин бағасы бір ай ішінде үш рет қымбаттады. Аймақта жұрт жиі тұтынатын АИ-92 маркалы жанармай құны қазір 178 теңгеден сатылып жатыр. Бензин бағасы облыста осыдан бір апта бұрын ғана 155 теңгеден 169-ға дейін өскен еді.

Сымбат Ноғай, Мұрат Тайжанов, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир