Күн сайын әлеуметтік маңызы бар негізгі тауардың 29 түріне мониторинг жүргізілуде

kaz.tengrinews.kz
kaz.tengrinews.kz
Бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осылай деді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдайды пайдаланып,  табымс  табуға жол берілмейді, деп хабарлайды Almaty.tv.

Азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарлардың бағасын негізсіз шарықтатқандарға қатысты шаралар қолданылып, Үкімет шекті бағалар бекітеді. Бүгін Үкіметте өткен баспасөз мәслихатында Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов осылай деді.

Елімізде коронавирус пандемиясына байланысты енгізілген төтенше жағдай кезінде ел тұрғындарын әлеуметтік маңызды азық-түлікпен қамту басты назарда. Осыны айтқан Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов кей пысықайлар қиын жағдайды пайдаланып, тауар бағаларын негізсіз өсіріп отырғанын жеткізді. Десе де жағдай жіті қадағалануда. Күн сайын әлеуметтік маңызы бар негізгі тауардың 29 түріне мониторинг жүргізілуде. Сондықтан арам пайда табушыларды көздейтін кәсіпкерлерге келесіні айтты.  

«Ұн, макарон, қант және басқа да тауарлардың бағаларын көтергісі келгендерге біз тиісті шаралар қабылдайтын боламыз. Бұл үшін барлық тиісті мүдделер мен мүмкіншіліктер және құралдар бар», – деді  ҚР Сауда және интеграция министрі Бақыт СҰЛТАНОВ.

Ал Қаржы министрі Әлихан Смайылов қазақстандықтарды дүкен сөрелерін тазартып, дүрбелең шығармауға шақырды. Айтуынша, азық-түлік пен дәрі-дәрмек қоры жеткілікті. Өңірлік тұрақтандыру қорларындағы қоймаларда қазір әлеуметтік маңызы бар азық-түліктің 1,2 миллион тоннасы сақтаулы. Ол шамамен жарты жылға жеткілікті. Оның үстіне Үкіметпен дәріханаларды жеке қорғану құралдарымен қамту бағытында шаралар қабылданып жатыр.  

«Барлық қажетті азық-түлік пен бірінші қажеттіліктегі тауарларды үздіксіз жеткізу мәселесі шешілуде. Атап өту керек, азық-түлік те, дәрі-дәрмек те жеткілікті. Сондықтан дүкен сөрелерін тазартып, дүрбелең шығарудың еш қажеті жоқ. Президент экономиканы тұрақтандырудың әрі қарайғы шарлары жөніндегі жарлыққа қол қойды. Онда салық салу, мемлекеттік сатып алу, бюджетті құрып, пайдалану мәселелері кіреді», – деді ҚР Қаржы министрі Әлихан СМАЙЫЛОВ.

Еліміздегі кинотеатрлар, сауда-ойын сауық орталықтары, көрмелер мен спорттық нысандардың коронавирустан біраз шығынға бататыны айдан анық. Осы ретте оларды салықтан босату ұсынылуда. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төтенше жағдай режимі кезінде шағын және орта бизнесті қолдауға бағытталған шараларды жетілдіруді тапсырғанын Ұлттық экономика министрі Руслан Дәленов еске сала кетті.

«Ірі нысандарды, атап айтсақ, кинотеатрлар, көрмелер мен спорттық нысандар мүлік салығынан босату ұсынылды. Бұл – заңды тұлғалар мен жеке тұлғалар. Жеңілдік бір жылға қарастырылған. Сондай-ақ, бірінші кварталға өсімпұлды тағайындауды тоқтатып, үшінші кварталға ауыстыру ұсынылып отыр», – деді ҚР Ұлттық экономика министрі Руслан ДӘЛЕНОВ.

Бұдан бөлек, төтенше жағдай кезінде орта бизнестегі тексеру санын қысқарту ұсынылып отыр. Атап өту керек, шағын және микро бизнесті тексеруге мораторий енгізілген. Сонымен бірге, еңбек нарығында тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін Жұмыспен қамтудың жаңа Жол картасы әзірленіп жатыр.

 Салтанат Нысанбек, Нұрлан Өтеген, Данияр Омар

«Алматы» телеарнасы, Нұр-Сұлтаннан

Новости партнеров