Жамбыл облысының өндірістік табыс көрсеткіші 74 миллиард теңгеге жетті. Бұл өткен жылға қарағанда 17 миллиард артық, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жүйелі жұмыстың нәтижесіне үлкен өндіріс орындарынан бөлек, шағын кәсіпкерлік нысандар да ықпал етуде. Дәл осындай мекеменің бірі - Жамбыл облысындағы бірнеше ұлт өкілдері жұмыла еңбектенетін сүт өнімдерін өндіру цехы.
Воида Омарова – мұндағы өнімдерді буып-түюші. Саусағынан бал тамған қызметкер барлық өнімнің сырт келбетін жасап шығарады. Жұмысқа орналасқанына аз уақыт болса да, азаматша ұжымның татулығына айрықша тоқталып өтті.
Ал Василий Хабибрахмановтың май даярлаушы қызметін атқарып жүргеніне 8 жылдан асыпты. Оның айтуынша, өнімді дәмді етіп дайындау оңай шару емес. Дегенмен тату ұжымы оған әрдайым көмек қолын созуға даяр.
Виктор Платков цех ашылған күннен бері мұнда еңбек етеді. Азаматтың айтуынша, бастапқыда айлығы шайлығынан аспаған. Бірақ қазір еңбекақысы күнкөрісіне жететін көрінеді.
«Жұмыс істеп жүргеніме 11 жыл болды. Басында аз жалақы алатынбыз. Қазір айлығымыз көтерілді. Ұжымымызбен көңілді әрі татумыз. Әріптестерім түрлі ұлттан. Соған қарамастан үлкен бір отбасы секілді жұмыла қызмет етеміз», – деді цех операторы Виктор Платков.
Мұнда барлығы 40-тан астам маман еңбек етеді. Көз қуантарлығы да сол – ұжымда еңбек ететіндердің барлығы түрлі ұлт өкілдері бола тұра, бір отбасындай болып кеткен.
«Лесняк Сергей Владимирович сүт өңдеу цехын 2011 жылы ашып отыр. Күніне 15 тонна сүт өңделеді. Сүт, айран, ірімшік, сүзбе және тағы басқалары. Бұл өндірістен өндірілген өнімдер Тараз қаласының бала-бақшаларына және ауруханаларға, сауда орындарына сатылады», – деді Байзақ ауданы кәсіпкерлік, өнеркәсіп және туризм бөлімінің бастығы Қанат Телеуов.
Бүгінде аймақта 100-ден астам ұлт өкілі тұрады. Айта кету керек, Жамбыл облысында мұндай өндіріс орындары аз емес. Ал мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жан-жақты қолдау көрсетілуде.
Жомарт Есқара, Ғалымжан Есенбаев, «Алматы» телеарнасы, Жамбыл облысынан