|
20.05.2021 | 20:22
12602

Қала экономикасының дамуы үшін берері мол: Алматыдағы 9 түрлі кәсіпорынның жұмысына сарапшылар оң баға берді

Өндіріс орындары соңғы 2 жылда қандай жетістікке жетті?

Қала экономикасының дамуы үшін берері мол: Алматыдағы 9 түрлі кәсіпорынның жұмысына сарапшылар оң баға берді Almaty.tv

Индустриалдық аймақтың қала экономикасының дамуы үшін берері мол. Бүгін 9 түрлі кәсіпорынның жұмысымен танысқан қала басшысы Бақытжан Сағынтаев осындай пікір айтты. Ал, өндіріс орындары соңғы 2 жылда қандай жетістікке жетті? Олардың болашағынан не күтуге болады? Сарапшылардың пікірін Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай біліп келді.

Teplostil компаниясының өндірістік цехының құрылысы былтыр тамыз айында басталған. Кәсіпорын үйдің қасбетіне арналған жылу панельдерін жасайды. Отандық компания қазір 20 адамды жұмыспен қамтып отыр.

«Алаңды қазір құйып, плитасын жасап жатырмыз. Енід бұйырса 3-4 айда қабырғасын көтеріп, панельмен орнатып, ішкі жұмыстарын істейтін құрлысшыларға тапсырамыз», – деді компанияның өндіріс басшысы Әли Жалғасбаев.

Ал, сарапшылар бұл жобаның болашақта әлемдік құрылыс нарығында үлкен жетістіктерге жететініне сенімді.

«Біз ол жаққа келгенде аймақта құрылыс жұмыстары жүріп жатқанын көрдік. Кәсіпкерлер өз жобасын жүзеге асыруға тырысып жатыр. Мұны көру өте жағымды болды. Қазір орта масштабтағы нысан кейін үлкен кәсіпорынға айналады деп үміттенеміз», – деді «Қазақстан машина жасаушылар одағы» ЗТБ басқарма мүшесі Павел Беклемишев.

Осыдан бір жыл бұрын индустриалды аймақта бой көтере бастаған кәсіпорындардың бірі – «City stone». Компания тастарды өңдеп, олардан гранит тақталар жасайды. Құрылыс аяқталмаса да, кәсіпорын өз өнімдерін еш кедергісіз шығаруда. Күніне мұнда 200 шаршы метр тас өңделеді екен.

«Бізге тасты шикізат күйінде алып келеді. Тасты күртеден алып келеміз. Үлкен көлемде, 8-10 тонна көлемде. Анау жақта жиналып тұр. Енді сол тасты кесеміз де, әр өлшемде тегістейміз», – деді компания өкілі Тоққожа Салтақов.

Сарапшылардың пікірінше, индустриалды аймақ жоғары технологиялық және бәсекеге қабілетті өндірістерді құру, өнімнің жаңа түрлерін дамыту және инвестицияларды тарту саласындағы мемлекеттік маңызы бар жоба.

«Жалпы бұл кәсіпорындардың жұмысы қала экономикасына оң әсер етеді, әрине. Себебі өндіріс орындарының арқасында жаңа жұмыс орындары пайда болады. Сондай-ақ, бюджетке қаражат түсіп отырады. Жалпы елімізде отандық өнімдердің көбеюіне ынталандырады», – деді Қазақстан қант, тамақ және қайта өңдеу өнеркәсібі қауымдастығының президенті Айжан Наурызғалиева.

Әкім жұмыс сапары соңында «Электробар» кәсіпорнына да барды. 1999 жылы негізі қаланған компания трансформаторлық қосалқы станса жасаумен айналысады. Мекеме ай сайын 35-ін өндіреді екен.  

Сымбат Ноғай, Ялкунжан Әшімжанов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир