90 күнге несиесін шегергендер үшін банктың қосқан пайызы халықтың көңілінен шықпай отыр

ҚазАқпарат
ҚазАқпарат
Ел несие төлеуді тоқтата тұру тәртібін дұрыс түсінбеді ме?
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Төтенше жағдай кезінде қазақстандықтар үшін кредитті төлеу мерзімі кейінге шегерілгені белгілі. Енді осыған байланысты айыппұлдар мен өсімпұлдар есептелмейтін делінген еді. Дегенмен 90 күнге тұтынушылық  несиесін шегергендер үшін банктердің қосқан пайызы халықтың көңілінен шықпай отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.  

Ел несие төлеуді тоқтата тұру тәртібін дұрыс түсінбеді ме? Әлде қаржы ұйымдары борышкерлерін қанап жатыр ма?

Елімізде төтенше жағдай енгізілгендіктен, қарыздар мен микрокредиттер бойынша жеке және заңды тұлғалардың тарапынан кешіктірулер тіркелсе, өсімақы мен айыппұлдар салынбайды деп шегелеген еді Үкімет. Бұл жеңілдікті бүгінге дейін 1 жарым миллионнан астам қазақстандық пайдалануды жөн көріпті. Олардың ішінде қарағандылық Гүлден Қабденова бар. Алайда ақпарат дұрыс берілмеді деп банкті айыптап отыр.

«Төтенше жағдайға байланысты тоқтатқым келді. Банкке хабарласып сұрағанымда, 3 айға ешқандай пайызсыз тоқтатуға болады деді. Қуанып кетіп, несиемді 3 айға тоқтаттым. Тағы бір рет банкке хабарласып сұрағанымда маған тағы да «жоқ, сіз тоқтаттыңыз, ешқандай үстеме қосылмайды. Несиеңіз тоқтап тұрады» деді. Үшінші рет хабарласқанымда «сізге тәлімдемеден өтіп жүрген адам айтқан болар. Олар шатастырып алса керек» деп пайыз қосылатынын мәлімдеді. Енді менің несиемнің үстіне тағы 100 мың теңге қосылды. Бұл сұмдық қой!», – деді  Қарағанды қаласының тұрғыны Гүлден ҚАБДЕНОВА.

Шынымен, банктер шегерілген кредитке не себепті өсімпұл қосып отыр деген сұрақ қазір көпті алаңдатады. Экономист Сапарбай Жұбаев банк коммерциялық ұйым болғандықтан қашанда пайдадан қағылмауға тырысатынын айтады.

«Банк – бұл комммерциялық ұйым.  Егер мәселен, несиеңіз 6 айлық болса, оны 9 айға шегеретін болса, жаңағы 3 айға да банк өзінің қызметкерлеріне жалақы төлейді, коммуналдық төлемдер төлейді, салықтар төлейді. Сондықтан оның қаражаты бар. Сол қаражатты жабу үшін жаңағы шегерген 3 айына да пайыз есептеуге мәжбүр болады. Сондықтан егер мүмкіндігі болса, шегеруді пайдаланбастан, дер кезінде, пайызын да, негізгі төлемдерді де қайтаруға әрекет жасап көру керек... Ал, енді шегерген уақытына пайыз есептеуі бұл әлемдік тәжірибе деп айтар едім», – деді  экономист Сапарбай ЖҰБАЕВ.

Әлемдік тәжірибе деп банктердің мұндай әрекетін Қазақстанның қаржыгерлер Қауымдастығының басқарушы директоры да жақтап отыр. Сондай-ақ,  Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің бұйрығы банк қосқан пайыздарды кешіруді қарастырмайды дейді.

«Сондықтан шегеру кезінде пайыздар қосылады. Осыған байланысты қарыз алушы төлемдерінің жиынтық жалпы сомасы біршама артады. Кейінге қалдыру артықшылықтары қандай? Біріншіден, өз табысын жоғалтқан несие алушы демалыс, яғни кредиттік демалыс ала алады және ТЖ режимі аяқталғаннан кейін бизнес өз қызметін іске қосқан кезде және қарыз алушы өзінің жалақысын қайта ала бастағанда ай сайынғы төлемін көп мөлшерде ұлғайтпай, несиені өтеуді жалғастыра алады», – деді  Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының басқарушы директоры Ләззат ҮСЕНБЕКОВА.

Қаржыгерлер қауымдастығы төтенше жағдай кезінде несие уақытылы төленбегенде ғана өсімпұл мен айыппұл қосылмайтынын тағы бір ескертті. 90 күнге жеңілдік берген үшін банк өзінің ішкі саясатына сәйкес пайызын өтеп алады. Ең басты жеңілдігі – қарыз алушының кредиттік тарихына теріс әсер етпейді, деп ақталады екінші деңгейлі банктер.

Асылбек Тойбек, «Алматы» арнасы

Новости партнеров