Криптовалюта нарығында биткоин 10 мың долларға дейін қайта түсіп жатыр. Бұдан үш күн бұрын электронды ақшаның бағамы 1 биткоин үшін 58 мың долларға бағаланған еді. Бұл криптовалюта тарихында тіркелген ең қымбат баға. Енді биржадағы соңғы мәлеметтерге сүйенсек биткоин бағасы біртіндеп түсіп, бір күнде трейдерлер 4 жарым миллиард доллар жоғалтқан. Бұған не себеп? Жалпы криптовалютаға инвестиция салу қаншалықты дұрыс? Виртуалды ақшаның келешегі қандай? Толығырақ Almaty.tv тілшісі Назкен Еркін сарапшылардың пікірін тыңдап көрді.
Криптовалюта нарығында бүгінде мыңдаған электрондық ақша түрі бар. Бірақ ең әйгілісі биткоин. Осыдан үш күн бұрын нарықта рекордтық баға орнап 1 биткоин бағасы 58,3 мың долларға дейін көтерілген еді. Яғни бір монетаның құны 24 миллион теңгеге бағаланған болатын. Ал бүгінгі биржада оның бағасы 47 мың долларды көрсетті. Демек көтерілген кезінен бері алғаш рет 10 мың долларға түскен. Бірақ мұндай тенденция криптовалюта нарығында қалыпты жағдай дейді мамандар.
«Белгілі бір мемлекет өздерінің заңдарын, фискалды саясатын күшейтетін болса, олар биткоинның бағасын қайтадан түсіріп жібереді. Биткоинның бағасы өте құбылмалы. Бір күні 50 пайызға өссе, бір күні 20 пайызға түсу мүмкін. Сондықтан жаңалықтар мен өсек-аяңдар биткоинның бағасына өте қатты әсер етеді», – деді қаржыгер Жасұлан Кушебаев.
Тіпті кей шетелдік сарапшылар мен трейдерлер криптобизнесті қатерлердің алдын алмайтын ең нашар нарық деп таныған. Әйтсе де пандемия салдарынан ірі инвесторлар дәстүрлі биржалық құралдар арқылы түсетін табыс төмендеп кеткендіктен шығынның орнын басу үшін көбі биткоинды қолдануға көшкен. Бұл сонысымен тиімді дейді сарапшылар. Әрі сатып алынған электронды ақшаны ешкім, ешқандай құзырлы орган қадағалап, бұғаттай алмайды.
«Ал егер салымшылар салмаса немесе үлкен корпорациялар, адамдар шығып кететін болса ол қайтадан бағаның төимендеуіне дағдарысқа әкеледі. Немесе интернет желісінде хакерлік шабуыл жасалып, бұзып жіберуі мүмкін. Қауіптілігі жоғары бірақ сонда да сұранысқа ие болып отыр», – деді экономист Мақсат Сералы.
Мамандар елімізде криптовалюта арқылы сауда жасауға тыйым салынған деп те айтуға болады дейді. Тіпті бұл нарықпен айналысатын азаматтардың құқығын қорғайтын ешқандай заң қарастырылмаған әрі биткоин қаржылық құрал ретінде танылмаған. Сондықтан қазір ел нарығында электронды валюта туралы айту ерте және қоғам оған дайын емес деген ойда сарапшылар. Осы орайда криптовалюта туралы халық пікірін сұрап көрген едік.
БЛИЦ:
– Бәрі цифрлы болып кетті. Қазір ақша ұстамаймыз. Сондықтан керек шығар.
– Депозит сияқты ұстауға болады, бірақ біздің Қазақстанға қазіргі заманда керек емес.
Тұрғындардың пікірі отандық сарапшылардың ойымен дөп келген сыңайлы. Әйтсе де мамандар электрондық ақшаға сұраныс алдағы жылдары артып, биткоинның бағасы 100 мың долларға дейін көтеріледі деп болжайды.
Назкен Еркін, Ялкунжан Әшімжанов «Алматы» телеарнасы.