Шағын кәсіпкерлік жұмыссыздыққа жол бермейді. Бизнес ашып, халықты еңбекпен қамтуға ниетті алматылықтар саны жылдан жылға артып келеді. Бүгінде Алматы қаласының Әуезов ауданындағы 10 мыңнан астам кәсіпкер 37 мыңнан астам азаматты жұмыспен қамтып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Гүлмира Әйтімбетова осыдан 10 жыл бұрын шағын тігін цехын ашып, өз ісін бастаған. Жалдамалы ғимаратта жүрген кәсіпкер келіншекке жылдар өте, мол тапсырыстар түсе бастайды. Кәсібін кеңейту мақсатында биыл «Даму» қорының қолдауымен 6 пайызбен 17,5 млн тг несие алды.
«16 млн теңгені ғимарат алуға жұмсадық, 1,5 млн теңгеге тігін жабдықтарын сатып алдық. Қазір айына 1 мың дана дәмхана, мейрамханалар мен қонақүйлер қызметшілеріне арналған костюмдер тігеміз. Басында тек Алматы қаласы бойынша ғана тапсырыстар алатынбыз, қазір аймақтардан да сұраныстар түсе бастады», - деді жеке кәсіпкер Гүлмира ӘЙТІМБЕТОВА.
Мемлекеттік бағдарламалардың игілігін кәсіпкер өзі ғана көріп отырған жоқ. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігін ұстанып, 13 адамды жұмыспен қамтып отыр. 10 шақты тігінші Еңбекпен қамту орталығынан жолдама арқылы келген. Жастар практикасы бойынша да бірқатар адам осында нәпақасын тауып жүр.
«Колледжді тәмамдаған соң Еңбек сайтына тіркеліп осы тігін цехына жолдама алдым. 6 ай бойы мемлекет тарапынан көмек алып осында тігін өнерінің қыр-сырына қанықтым. Қазір мен осы өндіріс орнының белді маманына айналдым. Өз жұмысымды жақсы көрем. Тұрақты табысым да бар. Осы мамандықты таңдағаныма еш өкінбеймін. Өз қолымнан шыққан дүниелерді көрген сайын шабыттана түсем», - деді тігінші Малика ТИЛЛАБАЛДИЕВА.
Ерекше ықыласпен жасалған өнімнің сапалы болары анық. Ал сапалы өнім кәсіпкердің тасын өрге домалатады. Алдағы уақытта Гүлмира Әйтімбетова бизнес аясын кеңейтуді көздеп отыр. Мақсаты - тігін цехынан шығатын арнайы киімдерді түрлендіру. Нәтижесінде цех аумағы кеңейіп 10 шақты жұмыс орны ашылады.