Биыл елімізге 11 миллионнан аса турист келді

Салаға 224 миллиард теңге көлемінде табыс түсіп, отандық туризм нығая түскен

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Биыл елімізге шет мемлекетен 11 миллионнан аса турист келген. Бұл былтырмен салыстырғанда 2 есе көп, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Үкіметтің мәлімдеуінше, биыл Қазақстан туризмі үшін айтулы жыл болды. Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде аталған саланы жаңғыртып, жаһандық экономикада бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған кешенді шаруалар атқарылды. Нәтижесінде еліміздің көрікті жерлері көркейе түсіп, инвестиция көлемі өскен, жаһан кезіп, еліміздің тұмса табиғатын тамашалауға асыққан туристер қатары да көбейген. Премьер-министрдің ресми ақпараттық ресурсында тоғыз айдың ішінде Қазақстанда ішкі туристер саны 562 мыңға артып, 6 миллионға жеткені жазылған. Ал шет мемлекеттен келген саяхатшылар легі 11 миллион 500 мың адамға жеткен. Бұл – былтырдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 2 есе көп көрсеткіш. Жиһанкездер тарапынан Қазақстанға деген қызығушылық артып келеді.

Көздің жауын алған аралдар, тарихы тым тереңде жатқан пирамидалар, зәулім ғимараттарымен ғашық еткен алып шаһарлар. Иә, құрлық асып, жаһанның түрлі ғажайыптарын көруге асыққан жиһанкездер үшін таңдау көп. Алайда Қазақстан да мұндай мемлекеттерден қалыс қалмай, туристер үшін тартымды мемлекетке айналып отыр. Тұмса табиғатынан бөлек, биыл қолға алынған шаруалардың арқасында саяхатшылар легінің артқанын байқауға болады. Нақтырақ айтсақ, 2024 жыл «Қытайдағы Қазақстанның туризм жылы» деп жарияланып, аспан асты елінде 30-дан аса іс-шара ұйымдастырылды. Елдегі ауылдық туризмді дамыту да оң нәтиже беріп, Саты ауылы мен Қатонқарағай ауданы әлемдік байқауларда жүлделі орындарға ие болды. Сондай-ақ жуырда өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының Астанада өтуі халықаралық аренада маңызды оқиғаға айналды. 89 елден келген спортшылар мен жанкүйерлер Қазақстанның мәдениеті мен салт-дәстүріне тамсанып кеткені жасырын емес. Бұл бастамалардың барлығы еліміздегі туризмнің айтарлықтай ілгерілегеніне дәлел болып отыр.

Ал саяхатшылар жиі таңдайтын қалаларға жеке тоқталсақ, көшті Алматы шаһары бастап тұр. Мегаполиске келген туристер саны биыл 1 миллион 700 мың адамға жетіп, негізгі капиталға түскен инвестиция көлемі 29,3 пайызға артқан. Екінші орынды Бурабай курорттық аймағымен танымал Ақмола облысы еншілеген. Мұнда сырттан келген саяхатшылар саны 1 миллионнан асып, 23 миллиард теңгеден аса инвестиция тартылған. Ал Алматы облысы үшінші, Маңғыстау облысы төртінші орынға тұрақтады.   

"Шетелдік туристер үшін Қазақстанның ең тартымды аймағы – Алматы қаласы мен Алматы облысы. Әсіресе, саяхатшылар Алматының сұлу табиғатына көп қызығады. Таулы аймақтар мен тарихи орындарға, ойын-сауық орталықтарына барғанды ұнатады. Соңғы уақытта туристер Қытай, Үндістан, Ресей мен Біріккен Араб Әмірліктерінен көп келіп жүр. Алдағы уақытта саяхатшылар легін арттыру үшін демалыс орындарының инфрақұрылымын жетілдіру аса маңызды", – деді Ішкі және сыртқы туризм жөніндегі сарапшы Әсем Қозбағарова

Саланың экономикалық көрсеткіштері оң динамика көрсетіп отыр. Елге келген туристерді орналастыратын жерлер көбейген. Қазір курорттық аймақ, демалыс нысандары мен қонақ үйлердің саны 4 мыңнан асады. Ал олардың кірісі 27 пайызға өсті. Сондай-ақ салаға шетелдің қалталы азаматтары көп қаржы сала бастаған. Соңғы 10 айда тартылған инвестиция көлемі 33,6 пайызға артып, 668 миллиард теңгеге жетіпті. Негізгі жобалар қатарында құны 194 миллиард теңге болатын Астана туристік ауданы бар. Ол 2 мыңға жуық жұмыс орнын ашқан. Толық іске қосылғанда жыл сайын 10 миллиард теңге салық аударымдарын түсіруге қауқарлы болмақ.

Қорытындылай келе, бір жылда салаға 224 миллиард теңге көлемінде табыс түсіп, отандық туризм нығая түскен. Жыл соңына дейін тағы 119 инвестициялық жобаны аяқтау жоспарланып отыр. Еліміз мәдени бай мұрасы мен сұлу табиғатын заманауи инфрақұрылымға сай үйлестіріп, саяхат үшін тартымды мемлекет ретінде өзінің имиджін қалыптастырып келеді.

Оқи отырыңыз: Алматыда кезекті заңсыз кафе бұзылды

Новости партнеров