ЖИ әлеуметтік қызмет көрсетудің объективтілігі мен жылдамдығын арттырады

Depositphotos.com
Depositphotos.com
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Жасанды интеллект қазірдің өзінде әлеуметтік қорғаудың негізгі процестерінде қолданылады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Асқарбек Ертаев мәлімдеді, деп хабарлайды Аlmaty.tv.

Ол бүгінгі күні жасанды интеллект атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау кезінде де қолданылатынын атап өтті. Жасанды интеллект өтініш берушінің тұрғын үй-тұрмыстық жағдайларының фото және бейнематериалдарын талдайды. Бұл өңірлік учаскелік комиссиялардың жұмысын едәуір жеңілдетеді. Шешім қабылдау кезінде субъективтіліктен алшақтауға мүмкіндік береді.

Мүгедектік тобын белгілеу кезінде жасанды интеллект медициналық деректерді талдайды, медициналық-әлеуметтік сараптаманың тәуелсіз қатысушысы ретінде шешім жобасын қалыптастырады. Бұл объективтілікті қамтамасыз етуге, бірыңғай тәсілді қалыптастыруға мүмкіндік береді.

Мемлекеттік көрсетілетін қызметтерді автоматты түрде тағайындау кезінде жүйе алушыны өздігінен анықтайды, мәліметтерді тексереді және артық келісу кезеңдерінсіз төлемді тағайындайды. Жекелеген қызметтерді көрсету мерзімін екі күннен 10 минутқа дейін қысқартады. 

Жүйе іс жүзінде атаулы әлеуметтік көмек бойынша 99 мың өтінішті және мүгедектікті белгілеу бойынша 151 мың өтінішті өңдеді. Осы жылы шілде айынан бастап 12 мың жәрдемақыны  автоматты түрде тағайындау жүзеге асырылды.

Биыл жыл соңына дейін жасанды интеллектіні тағы бірнеше бағыт бойынша енгізу жоспарлануда. III тоқсанда Жасанды интеллект жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларына жолдамалар беру кезінде, кәсіби еңбекке қабілеттіліктен айырылу дәрежесін айқындауда қолданылады.

IV тоқсанда сканерленген еңбек кітапшаларын тану, жасына байланысты зейнетақы төлемдерін тағайындау кезінде ұсынымдар қалыптастыру, ел кәсіпорындарындағы қауіпсіздік және еңбек жағдайлары саласындағы еңбек тәуекелдерін анықтау үшін жасанды интеллект негізіндегі талдауды енгізу бойынша цифрлық модельдерді әзірлеу жоспарлануда.