Шаруаларды жеңілдікпен қаржыландыру 2026 жылы 1,2 трлн теңгеге жетті

Depositphotos
Depositphotos
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Осы жылдың он айының қорытындысы бойынша ауыл шаруашылығы жалпы өнімінің көлемі 8,9 трлн теңгені құрап, 5,2%-ға өсті. Мемлекеттік қолдау өндірісті кеңейтуге, ауылшаруашылық техникасын жаңартуға және фермерлер үшін қаржыландырудың қолжетімділігін арттыруға бағытталған. Бұл туралы Үкімет отырысында ауыл шаруашылығы министрі Айдарбек Сапаров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.

Министрдің мәліметінше, субсидиялау түріндегі мемлекеттік қолдау шарасымен 25 мыңдай субъект қамтылған. Бұл ретте субсидия алушылардың 90%-ға жуығы шағын және орта шаруашылықтар құрайды. Субсидиялау шығындарды өтеу екенін атап өткен жөн. Шаруашылықтар алдымен сапалы тұқым мен техника сатып алады, қажетті минералдық тыңайтқыштарды енгізіп, өсімдіктерді қорғау құралдарын қолданады. Содан кейін олардың нақты жұмсаған шығындарының бір бөлігі өтеледі. Субсидиялаудың мемлекеттік ақпараттық жүйесі қаражатты бөлудің ашықтығын арттыру үшін жаңғыртылады.

«Биыл жеңілдікпен берілетін кредит көлемі алғаш рет 1,2 трлн теңгеге жетті. Өндірушілерді қамтуды кеңейту үшін кредит берудің алты арнасы іске қосылған. Кепілмен қамтамасыз ету мүмкіндігі жеткіліксіз шаруашылықтар үшін қарыздарға кепілдік беру тетігі қолданылады. 2027 жылғы маусымды ерте қаржыландыруға өтінімдерді қабылдау 1 қазанда басталды»,— деп атап өтті министр.