Қазақстанда 2027 жылға арналған дәрі-дәрмек көлемінің 84%-дан астамы сатып алынды
2027 жылға арналған дәрілік заттарды сатып алу науқаны мерзімінен үш ай бұрын басталды. Қазан айының басындағы жағдай бойынша 2027 жылға арналған сатып алудың барлық түрлері бойынша бірінші кезең аяқталып, жоспарланған дәрілердің 84%-дан астамы сатып алынды. Жыл соңына дейін көрсеткіш 95%-ға дейін жеткізіледі. Ауруханаларға дәрі-дәрмек жеткізу 2027 жылдың 5 қаңтарынан басталады. Бұл туралы Үкімет отырысында «СҚ-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Нұрлыбек Асылбеков мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі UKIMET-ке сілтеме жасап.
Оның айтуынша, бүгінгі күнде Қазақстандық өндірушілермен жасалған ұзақ мерзімді шарттар шеңберінде сатып алынған дәрілер 30%-ға өсті. Шетелдік зауыттармен тікелей келісімшарттар кеңейіп, дәрілерді сатып алуға Германия, Польша, Финляндия және тағы да басқа елдерден 18 жаңа өндіруші қатысты. Өндірушілерден тікелей сатып алынатын позициялар саны шамамен 3 есеге ұлғайып, экономикалық тиімділігі 40 млрд теңгеден асты және 2025 жылмен салыстырғанда 10 есеге өсті.
«2024–2026 жылдардағы жиынтық үнемдеу – 223 млрд теңгені құраса, биылғы жылы үнемдеу көлемі – 84 млрд теңгені құрады. Біріккен Ұлттар Ұйымы арқылы сатып алу нәтижесінде 2026 жылға арналған үнемдеу көлемі – 16 млрд теңгеге жетті, 2025 жылы бұл көрсеткіш – 5,7 млрд теңгені құраған»,— деді Нұрлыбек Асылбеков.
Премьер-министр Олжас Бектенов қойылған міндеттерді адал орындау және қаражаттың негізсіз жұмсалуына жол бермеу қажеттігін атап өтті. Жұмысқа жауапкершілікпен қарау нақты нәтижелерге қол жеткізудің басты шарты болып саналады.
Оқи отырыңыз: Қазақстанда атаулы әлеуметтік қолдау тәсілдері қайта қаралып, мұғалімдерге жүктеме азаяды