|
13.11.2021 | 09:57
1564

Түркияның Алматыдағы Бас консулы: Біз Қазақстанның бейбітшілікті сүйетін мемлекет екенін мақтан тұтамыз

Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Рыза Акынжымен Аlmaty.tv тілшісі сұхбаттасып қайтты

Қазақстанның ең жақын саяси және экономикалық серіктесінің бірі – Түркия Республикасы. Екі ел арасындағы ынтымақтастық жыл өткен сайын қарқынды дамып келеді. Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 30 жылдығы қарсаңында еліміздің көркейіп, дамуына атсалысып жатқан бірден-бір бауырлас ел – Түркия екенін айрықша атап өткен жөн. Бүгінгі екі ел арасындағы қарым-қатынастың терең өрбуі, сонымен қатар, Алматы қаласының дамуында түрік ағайындардың қосқан еңбегі турасында Түркия Республикасының Алматы қаласындағы Бас консулы Али Рыза Акынжымен Аlmaty.tv тілшісі сұхбаттасып қайтқан еді.  

- Али Рыза мырза, әңгімеміздің әлқиссасын мынадан бастағанды жөн көріп отырмыз. Осыдан 30 жыл бұрын Қазақстан егеменді ел болғанда, мұсылман елдерінің арасындағы сол Тәуелсіздігімізді ең алғаш мойындаған ел Түркия Республикасы болды. Міне, араға 30 жыл салдық, екі ел арасында қаншама қарым-қатынастар болды. Экономикалық, сауда-саттық, мәдени, рухани тұрғыдан бірге дамып келе жатырмыз. Енді осы екі ел арасындағы қарым-қатынас жайында әңгімемізді бастасақ?!

– Өзіңіз атап өткендей, Түркия – Қазақстанның тәуелсіздігін әлемде бірінші болып, бірнеше сағат ішінде мойындаған мемлекет. Бұл екі ел арасындағы бауырластық қарым-қатынастың көрсеткіші. Біздің, барлық түркі ұлттарының 2500-3000 жылдық ортақ, туысқандық тарихы бар. Тіліміз, дініміз бір. Біздің тамырымыз осы жерден бастау алады. Түркістанға бес рет бардым. Қожа Ахмет Яссауи – күллі түркі халықтарының рухани атасы. Ол өзінің 11 мың үздік шәкіртін Анадолыға, Кавказға, Салжұқ мемлекетіне жіберген деген сеніміміз бар. Біз, Түркия Республикасы, Қазақстанның тәуелсіздік алғаны туралы хабарды үлкен қуанышпен, құлшыныспен қабылдадық. Біз ел егемендігін бірінші болып мойындап қана қоймай, Қазақстанды қолдадық және сіздің еліңізге халықаралық аренада лайықты орын алуына көмектестік. Біз Қазақстанның халықаралық ұйымдарға интеграциялану үдерісін жеңілдету үшін бәрін жасадық. Қазақстанның демократиялық бастамаларын қолдадық. Мәселен, Түркия Н.Назарбаев құрған «Сика» жобасында белсенді рөл атқарды.

Бүгін біз Қазақстанның бейбітшілікті сүйетін мемлекет екенін мақтан тұтамыз. Оның айқын мысалы – ядролық қарудан бас тарту. Осылайша, ел ядролық қарусыз әлем құруға қадам басты. Түркия бұған үлкен қолдау көрсетуде. Осы отыз жыл Қазақстан үшін сәтті өтті, біз бұған өте қуаныштымыз. Экономика өсті. Елде бейбітшілік пен тыныштық орнап, көрші елдермен жақсы қарым-қатынас орнатты. Сіздер пайдалы қазбалармен жақсы жұмыс істеп жатырсыздар, Қазақстанда мұнай көздері көп.

Қазақстан экономикасының қазіргі жағдайында түрік мамандарының қосқан үлесі зор. Біз мұны мақтан тұтамыз. Астананың, қазіргі Нұр-Сұлтанның құрылысына түрік фирмаларының қосқан үлесі зор. Алматыдағы айналма жолды да түрік компаниясы жөндеді. Алматы әуежайы да түрік фирмасы арқылы жанданбақ. Алдағы уақытта әуежайдың бұдан да көркейетінін көреміз. Алматыдағы ең жақсы ауруханалардың бірін түріктер былтыр салған. Жолдар, көпірлер салу және т.б. Түркістан қаласы 5 жылдың ішінде адам танымастай түрленді. Түркістанды бір жыл көрмегендер таң қалды.

Мен түрік бизнес әлемімен жақсы таныспын. Түрік мамандары Қазақстанда пайда табу үшін ғана емес, қазақ бауырларымызбен мәдени із қалдырып, тәжірибе алмасу ниетімен жұмыс істейді. Менің қызметім Алматымен ғана емес, Қазақстанның бүкіл оңтүстік өңірімен байланысты. Шымкент, Тараз сияқты қалалардың бәрінде түрік инвестициясы айтарлықтай көп. Әрине, тақырып экономика саласымен ғана шектелмейді.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев түрік халқына алғыс айтты

Білім саласында да Қазақстан мен Түркияның қарым-қатынасы жақсы. Түркістан қаласында Х.А.Ясауи атындағы Қазақ-түрік университеті бар. Көптеген қазақ жастарының Түркияда оқуға ниет білдіріп жатқанын көріп жүрміз. Сондай-ақ Түркиядан да осында оқу үшін келеді. Яғни, бұл біржақты емес, өзара процесс. Сонымен қатар, мәдениет саласы да бар. Қазір Түркияда Қорқыт ата фестивалі өтіп жатыр. Қазақстандық кино өте күшті. Түрік сериалдарының біразында қазақ актерлері ойнап жүр. Кейбір түрік сериалдарының саундтректерін қазақтар жазған. Қазақ ағайындар костюмдер мен декорацияларды да жасайды. Бұл салада қазақстандық өндірушілердің табысы зор. Бұл жемісті ынтымақтастық алдағы уақытта да жалғасын табады деп сенеміз.

- Али Рыза бей, Қазақстан мен Түркия арасында біршама жұмыстар атқарылып жатқанын жаңа ғана өзіңіз айтып өттіңіз. 1923 жылдан бері қарай Анкара Түркия Республикасының астанасы болса, Тәуелсіздіктің алтын бесігі, Тәуелсіз Қазақстанның алғашқы астанасы – Алматы қаласы. Енді осы екі қаланың арасындағы қарым-қатынас жайлы айтып кетсеңіз?!

- Алматы мен Анкара арасында бауырластық қарым-қатынас бар. Анкарада саябақтар мен көшелер қазақ көшбасшыларының есімімен аталады. Мәселен, қаладағы маңызды даңғылдардың бірі – Қазақстан даңғылы. Нұрсұлтан Назарбаевтың атымен аталған жерлер бар. Анкарада Қазақстан азаматтарын әрқашан сүйіспеншілікпен және жылылықпен қарсы алады. Анкарада Қазақстанға қатысты оқтын-оқтын шаралар өткізіліп тұрады. Мәдени бағдарламалар өткізіледі. Екі қала әкімшілік жағынан да, әлеуметтік жағынан да бауырластық қарым-қатынасты жалғастыруда. Экономикалық жағынан да, әрине, инвестиция салынады. Анкара – өнеркәсіптік қала, ол жақтан адамдар инвестиция салу үшін келеді. Түркі елдеріндегі мәдени бағдарламаны жіті бақылап отырмыз. Анкараның кейбір аудандарының әкімшілігі Қазақстанға шындап қызығушылық танытып отыр. Бауырластық әкімшілік қатынастар жалғасуда. Екі қала арасындағы қазіргі байланыстарды одан әрі сақтаудың оптимистік ортасы бар. 

- Алматыға келгеніңізге 2 жылдан аса уақыт болды. Алматы ұнады ма сізге? Түркиядағы қалалардың қайсысына ұқсайды екен?

- Мен Алматыға келгелі екі жыл болды. Мен отбасыммен осында тұрамын. Егіз ұлдарым бар. Мұнда олар оқуларын жалғастыруда. Біз Алматыны өте жақсы көреміз. Алматы – жасыл қала. Мұнда күз де өте әдемі. Ал қыста өмір сүру ыңғайлы. Ауа райы да мен тұрған Анкараға ұқсайды, бірақ сәл салқын. Ауа райы Түркияның Эрзурум қаласына ұқсайды. Қыс нағыз, қарлы. Әсем таулар қалаға ерекше көрік береді, суы таза, қала сыртында ормандар бар.

Есік пен Көлсай бар. Көлсайға бардық, жол әдемі. Берекетті топырақ. Көлсайға келе жатып, бәрі жасыл желекке оранғанын байқайсың. Алматының өзінде үлкен саябақтар, кең даңғылдар, таза ауамен тыныс алатын орындар бар. Көктөбеде жаяу серуендеуге болатын жерлер көп. Кейде ол қала шегінен шығып кеткендей болып көрінеді.

Адам табиғатпен бірлік таба бастайды. Бірақ, бұл жай ғана емес. Алматы да мәдени қала. Ай сайын отбасымызбен мәдени бағдарламалар жасап, шараларға қатысуға тырысамыз.

Алматы – классикалық өнердің, балеттің, операның және театрдың орталығы. Мұнда әдемі көркем галереялар мен мұражайлар бар. Сонымен қатар, алматылықтар әлемге ашық және жаңашыл, дүниетанымы кең. Мұнда адамдар өздерін қауіпсіз сезінеді. Осы аталған себептерге байланысты мен Алматыда тұратыныма өте қуаныштымын. Нұр-Сұлтанға да бардым, ол да өте тартымды қала. Біздің жауапкершілігіміздегі басқа жерлерге, мысалы, Түркістанға барған сайын қаланың қалай көркейіп, дамып келе жатқанын көремін. Шымкент өте белсенді қала. Шымкент Аданаға, Газиантепке ұқсайды, ал мен туған қала Кайсериге ұқсайды. Қала үнемі қозғалыста, сіз оны сезінесіз. Тараз да өзінше әдемі. Сонымен қатар, маған Алматының барлық аймақтарын аралау, алыс жолдары ұнайды. Екі рет Түркістанға тас жолдың бойымен барып, география мен табиғатты бақыладым. Мен Хантәңірі тауларының қандай әдемі екенін байқадым. Ал Алматы – үлгі алатын қала.

Оқи отырыңыз: Қасым-Жомарт Тоқаев Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII саммитіне қатысты

Ал тағамдарға келетін болсақ, маған ұнағаны – ет. Сіздердің еттеріңіз өте дәмді. Ал жалпы қалада Шығыстан Латын Америкасына дейінгі әлемнің барлық дерлік елдерінің тағамдарын таңдауға болатын мейрамханалар бар. Тай және бразилиялық мейрамханалар бар. Яғни, Қазақстанда жергілікті тағамдар да, әртүрлі елдердің тағамдары да бар. Мәдениеттердің осынау молдығы Қазақстанның нағыз қазынасы. Түрік тағамдары да бар, дөнер барлық жерде кездеседі. Қазақстан осы мәдени әртүрлілігімен әлемге мақтанышпен айта алады. Қазақстанда 130 ұлт өкілдері тұрады. Осы ұлттың барлығы тату-тәтті өмір сүріп жатыр. Әр халықтың өзіне тән әдемі мәдениеті бар. Бұл, әрине, тамақтану мәдениетінен көрінеді.

- Достық қарым-қатынас, экономикалық қарым-қатынас, рухани қарым қатынас, жан-жақты қарым-қатынас бар деп айттық. Оны ұстап қалу бір бөле әңгімек. Енді алдағы жоспарларыңызды айта отырсаңыз.

- Қазақстан мен Түркия арасындағы қарым-қатынасты нығайтып, жақсарту үшін көп нәрсе істеу керек. Біз қазірдің өзінде атқарылған шаруаларды мақтан тұтамыз. Бірақ әлі де көбірек жұмыс істеп, жақсылыққа ұмтылуымыз керек. Қазақ пен түрік қоғамының бір-бірін жақынырақ тануына жағдай жасау керек. Мәдени шараларды көбірек өткізу керек. Мәселен, Қазақстанда түрік сериалдарын көрушілер саны күн санап артып келеді. Түркия да қазақстандық фильмдерге үлкен қызығушылық танытуда. Мысалы, «Томирис» фильмін жүз мыңдаған көрермен тамашалады. Иә, пандемия кезінде фильмді кинотеатрларда көрсету мүмкін болмады. Сәл кешігу болды. Бірақ жүздеген мың көрермен премьера күнін тағатсыздана күтті. Ең алдымен, музыка, кино, театр саласында қызығушылық артуы керек.

Екіншіден, білім саласындағы қарым-қатынасты жақсартқан дұрыс. Иә, біз ортақ түркі тілдерінде сөйлейміз. Бірақ уақыт өте келе географиялық өзгерістер болды. Бір-бірін жақсы түсіну үшін тілдік ерекшеліктерді жақындату қажет. Түрік университеттеріне қазақ студенттері, қазақ университеттеріне түрік студенттері көбірек қажет. Бұл бір-бірімізге жақындауға септеседі.

Қазақстанның артықшылықтары көп. Мысалы, географиялық тұрғыдан жақсы орналасқан. Қазақстан Еуразиялық экономикалық одаққа мүше. Яғни, мұнда өндірілген зат нарықтағы 160-170 млн тұтынушының қажеттілігін жабады. Бұл да түрік инвесторлары үшін өте жақсы мүмкіндік. Бауырластық қарым-қатынасымызды жалғастырып, бекітудің мәні зор. Жыл сайын жарты миллионнан астам қазақстандық Түркияға келеді. Сіз турист ретінде өте әдемі жерлерге барасыз, сонымен бірге сіз бауырластығыңызды одан да жақсы сезінуге көмектесетін өте мейірімді және қонақжай адамдарды көресіз. Сондай-ақ, біз бір-бірімізді жақсы білген сайын ортақ дүниелер көбейіп, бірлігіміз арта түсетініне сенімдімін.

Сұхбаттасқан: Қайрат Советбекұлы, «Алматы» телеарнасы


Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир