Қазақстандық медианарықта есімі ерекше аталатын Нұржан Жалауқызы «31 арнаның» жетекшісі, Бас продюсері, «Қазақстан» АҚ ТРК Басқарма Төрайымы, «Қазақ Радиолары» ЖШС Бас директоры, Қазақстандағы «Internews Network» халықаралық ұйымы өкілдігінің атқарушы директоры қызметтерінде жүріп отандық журналистикаға үлкен үлес қосты. Қазақтың аяулы мекені – Алматы атты кіндік шаһардың тіршілігі мен тынысын көрсететін арнаның басшылығына келгелі бері де тың жобаларымен, шұғыл ақпарат тарататын жаңалықтар қызметімен, көпшілік көңілінен шыққан бағдарламаларымен, деректі фильмдерімен бекзат қала тұрғындарының назарында жүр. Журналист-маманмен сұхбатта бүгінгі күннің өзекті тақырыптарын назардан тыс қалдырмауға тырыстық…
– Нұржан Жалауқызы, әңгімемізді қазақстандық медианарықтың жай-күйі туралы сауалмен бастағымыз келеді. Жалпы осы саланың бары мен жоғы туралы не айтасыз?
– Осы күні медианарық деп жүрміз ғой. Бұрындары бұқаралық ақпарат құралдарының нарығы дейтін едік. Қазақстандық БАҚ «Дала уәлаяты» және «Түркістан уәлаятының газетінен» «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналынан, ХХ ғасыр басында жарық көрген, сол дәуірдің «көзі, құлағы һәм тілі болған» тарихы терең басылымдардан тамыр тартады. Демек, қазақ даласындағы медианарық сол заманнан бар. Қазір халықаралық тенденцияларға сай дамып келеміз. Еліміздегі БАҚ-тың қай бұтағын алсаңыз да, әрқайсысының мүмкіндігі зор. Отандық БАҚ-тың дамуы үшін қажетті заңдық-құқықтық жағдай да жасалған. Келесі жылы тәуелсіздігіміздің отыз жылдығын тойлаймыз. Осы отыз жылдың ішінде, атап айтуымыз керек, ең алдымен, Елбасымыз БАҚ-қа үлкен қолдау білдірді. Ең алғашқылардың бірі болып «БАҚ туралы» Заңның қабылдануы осы сөзімнің дәлелі.
Сауалыңызға өзім еңбек етіп жүрген телевизия саласын мысалға ала отырып жауап бергім келеді. Әлемнің қай түпкіріне барсаңыз да қалалық, республикалық, халықаралық, тақырыптық телеарналар өте көп. Олар технологиялық тұрғыдан алғанда өте жақсы даму үстінде. Олардың әрқайсысының даму бағыты қаржылық мүмкіндігімен өлшенеді. Екінші фактор шығармашылық ұжымның ұстанымына байланысты. Олар, шынымен де, халық пен билік арасына алтын көпір болғысы келе ме, ақпаратты шұғыл әрі нақты жеткізуді қалай ма, көрерменді тартатын бағдарлама, фильмдер әзірлей ала ма – өзіңіз айтқан «бар мен жоқты» осы сауалдарға жауап бере отырып тауып аласыз. Қаржысы көп, мүмкіндігі мол БАҚ-тың айтқан сөзі, көрсеткен дүниесі халықтың көңілінен шықпай қалуы мүмкін. Мәселен, ауқымы кең арнаның нарықтағы танымалдылығы мен көрермендерінің аз болуы да әбден мүмкін. Ал шағын, қаржылай мүмкіндігі аз аймақтық телеарнаның шығармашылық әлеуеті мықты болса, оның шағын ғана сюжетіне күллі қоғам елең ете қалады. Үшінші фактор кез келген БАҚ-тың құрылтайшыларына, басшыларына көп нәрсе байлаулы дер едім.
Соңғы онжылдықта БАҚ-тың қарқыны тіптен арта түсті. Біз журналистика факультетінде оқыған өткен ғасырдың 80-жылдарында «айшылық алыс жерлерден жылдам хабар алғызған» деп оқып едік БАҚ туралы. Ал қазір бұл тұжырымның да аясы кеңіді, кез келген ақпаратты көзді ашып-жұмғанша оқи аласың. Себебі мобильдік журналистика дамып келеді. Жаңа технология оған мүмкіндік беріп отыр. Жанрлық түр сипатта, тақырыптық бағытта дамып келе жатқан БАҚ-тар да жетерлік.
Олар – алпыс жылдан аса тарихы бар қара шаңырақ «Қазақстан» телеарнасы. Қазақ радиосы да келесі жылы 100 жылдығын атап өтеді. «Егемен Қазақстан» газеті былтыр ғасырлық тойын тойлады. Кезінде жастар басылымы ретінде танымал болған «Жас Алаш» талай қазақ зиялыларының, марқасқалардың қадірлі мекені, қазақтың бірнеше буын ұрпағы жата-жастана оқыған, сырын айтқан құрметті газеті. «Ана тілі» де осы құрметті тізімде бар. Отыз жылдығын атап өтіп отыр. Газет оқырмандары мен ұжымды осы мерейлі мерекелеріңізбен құттықтағым келеді. Қазақ тілінің, қазақ елінің мерейін арттырған, жарқырата дамытқан басылымның тәуелсіздіктің таңы енді-енді ата бастаған тұста дүниеге келуінде де үлкен мән бар деп ойлаймын.
«Қазақпараттан» басталған агенттіктер қатары Tengrinews.kz, Nur.kz секілді ақпараттық порталдармен толықты. Ол сапқа Абай, Қамшы, 360 info, Today.kz сайттары мен соңғы кезде ақпараттық айдынға өзіндік леп әкелген Malim.kz секілді сайттарды да қосыңыз. Мен атын атамай кеткен қаншама сайт бар. Олардың әрқайсысы да қазақ ақпарат кеңістігінде еркін қалам сермеуде деп сеніммен айта аламын.
Қазіргі таңда әлеуметтік желілердің де, әсіресе Telegram арналардың әлеуеті зор.
Әр министрдің Қазақстандағы БАҚ дамуына қосқан үлесі зор. Қазіргі министріміз Аида Балаеваның тікелей қолға алуымен осы соңғы апталарда Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің Telegram арнасы да жұмысын бастады. Жалпы БАҚ саласын басқаруға келген әрбір азаматтардың қазақстандық медианарықтың дамуына сіңірген еңбегі зор дер едім. Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Ақпарат министрі Қуаныш Сұлтанұлынан бастап, Алтынбек Сәрсенбаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Дархан Мыңбай, Асқар Жұмағалив, Дәурен Абаев – әр басшының отандық ақпарат саласын дамыту бағытында әкелген жаңалығын ешкім жоққа шығара алмайды. Аида Ғалымқызы да сол үлкен соқпақты жақсы жалғастырып әкетті дей аламын. Бұған министріміздің алғашқы қадамын ақпараттық нарықтың өкілдерімен өткізген кездесулері дәлел.
Демек, қазақстандық БАҚ-тың бары да, жоғы да өзіміздің шығармашылық әлеуетімізге, кәсібилігімізге, еңбексүйгіштігімізге байланысты.
– Осы кезге дейін біраз телерадиокомпанияларды басқардыңыз. «Алматы» телеарнасының ерекшелігі не деп ойлайсыз? Өз көрермендеріңіздің портретін жасап көрдіңіздер ме? Олар қандай ақпаратқа, сұхбатқа, бағдарламаға көбірек қызығады?
– Алматы әр қазақтың жүрегінде ерекше орын алған әсем қала. Әрбір қазаққа Алматының тынысы, тіршілігі, қоғамдық өмірі, табиғаты, экологиясы, экономикасы – бәрі-бәрі ерекше қызық болуы керек. Демек, арнаның басты ерекшелігі – осы. Алматы, Елбасымыз айтқандай, тәуелсіздіктің алтын бесігі. Алматы – бүкіл елімізге қалай ортақ болса, телеарна да сондай ортақ.
Арна үшін үстіміздегі жыл – 21-ші телевизиялық маусым. Осы 21 жыл бойы алматылықтармен қатар даму жолында. Мен басшылыққа келгенде телеарнаның 20 жылдық мерейтойын атап өттік. Телеарнамыз материалдық-техникалық тұрғыдан жақсы жабдықталған. Әрине, даму тұрғысынан алғанда үнемі алға жылжи түскің келеді. Сондықтан бәрі қамтамасыз етілген дей алмаймын, жетіспейтін техникалық мүмкіндіктеріміз де жоқ емес. Шығармашылық әлеует тұрғысынан да кәсіби даярлығы бар ұжымға иеміз. Жаңалықтар қызметінің жұмысын жаңаша үйлестіруге тырыстық. Бұрын қазақ және орыс тіліндегі жаңалықтар бір мезгіл беріліп келсе, біз өткен жаздан бастап түскі жаңалықтарды да қостық.
Қалалық әкімдікпен бірлесіп, алматылықтардың әлеуметтік-экономикалық тыныс-тіршілігіне қатысты атқарылып жатқан жұмыстарды шұғыл түрде хабарлап отыру мақсатында «Алматы LIVE» жобасын бастағанбыз. Бағдарлама аптасына 2 рет қазақ және орыс тілдерінде тікелей эфирде көрермендердің көзайымына айналып үлгерді. Алматы қаласының әкімі Бақытжан Әбдірұлының басшылығымен және тапсыруымен 8 ауданның әкімдерімен, әкімдіктің құрылым басшыларымен біріге отырып, қаланың басты мәселелерін эфирде талқылаймыз. «Басты назарда» – «На особом контроле» деген жаңа жобамыз бар. Мұнда да қаланың өзекті тақырыптарын көтереміз. Мәселен, жақында ғана балаларға екпе егу керек пе, жоқ па – осы мәселені қозғадық. COVID-19 індеті, одан сақтанудың жолдары, карантин талаптары туралы да осы жобамызда жан-жақты талқыладық. Отандық вирусолог-ғалымдар не істеп жатыр, қандай зертханалық зерттеулер жүргізілген – барлығын көрерменмен бірге жан-жақты талқыладық.
Енді аудиториямыздың портреті туралы сұрағыңызға оралайын. Негізінен, телеарнамыздың көрермендерінің жас мөлшері 6-54 жас аралығында. Шыны керек, осы телеарнаға қызметке келген бір жылға жуық уақытта еліміздің әр түкпіріндегі көрермендердің Алматы қаласының жаңалығына барынша қызығушылық танытатындықтарына куә болып жүрмін. Телеэфирдегі, сайттағы жаңалықтар сұранысқа ие. Осы күні тәулігіне 22 сағат хабар таратамыз.
Телеарнаны дамыту жұмысы туралы айтсам, проблемалық сұрақтарымыз да бар. Ең негізгі мәселе – Алматы арнасы өткен жылы министрлік өткізетін байқаудың қорытындысы бойынша, еліміздегі міндетті түрде таралатын телеарналардың қатарынан шығып қалыпты. Осыған байланысты техникалық таралуда аздаған шектеулер бар. «Отау» спутниктік желісінде, AlmaTV мен ID TV-дің кабельдік жүйесінде болсақ та телеарна көрсетілім тізімінің соңында орналасқан. Егер біз ақпараттық саясат тұрғысынан келсек, ірі мегаполистен хабар тарататын электрондық БАҚ-тың еліміздің түкпір-түкпіріндегі көрермендерге қолжетімді болуына мән берілуі керек. Төл министрлігіміздің де осы мәселеден хабары бар, ойдағыдай шешіледі деген үміттеміз.
Әрине, бұл қиындықты біз тек сапалы өнім өндіру арқылы ғана жеңетініміз аян. Әрі бүгінде Алматы телеарнасы тек телеэфир емес, бұл әлеуметтік желіде де белсенді және ресми сайты да толыққанды ақпарат құралы екеніне назар аударамын. Телеэфир үшін дайындалған әр жоба еліміздің барлық медиакеңістігіне таралуда.
Арнаның ерекшелігіне қайта оралайын. Біздің арна әсем шаһар Алматының күллі жаңалықтарын, өткенін, болашағын хабарлап отырады. Қаламыздың 2050 жылға дейінгі стратегиялық бағдарламасы қабылданғанын білесіздер. Қала әкімі Б.Сағынтаев Алматыны дамытудың жаңа бағытын айқындап берді. Мегаполистің әлеуметтік-экономикалық дамуы, жаңа мүмкіндіктердің қала тұрғындарына берері-бәрі біздің телеарна бағдарламаларының басты тақырыптары. «Шексіз қала» концепциясының жүзеге асуын тұрғындарға түсіндіруге жоғарыда айтқан «Akimat Live» бағдарламасы көп үлес қосуда. Алматы ақылды қала ретінде даму жоспарын қолға алған. Қаланың сандық технологияға өтуі тек «Сергекпен» ғана байланысты емес. Сандық технологияны қажет ететін қаншама қызмет түрі бар. Соларды да халыққа біртіндеп таныстырудамыз. Қала басшылығының бастамасымен екі ауданда жаңа Оқушылар сарайының құрылысы жоспарланған. Ал Достық көшесінің бойындағы Оқушылар сарайының сыртқы сәулетін сақтап қалып, іші жаңғыртылуда. Алматы қаласы ғылым мен білімнің, өнердің ордасы. Қаржы және іскерлік орталығы. Стратегиялық даму тұжырымдамасындағы ең маңызды бір стратегия – Мәдени креативті қала туралы ой. Қаншама кітапханалар жөнделіп, музей, архив деректері сандық форматқа көшіп жатыр – бұл да арна ұжымының басты назарында. Міне, осындай игі жаңалықтарды да көрермен білсін деп, менің әріптестерім күн-түн демей шығармашылықпен еңбектенуде.
– Дүниежүзі пандемия деп жариялаған СOVID-19 індетімен күресте журналистер де алдыңғы лекте жүрді. Осы орайда Алматы арнасының да үлкен қызмет атқарғанын білеміз. СOVID-19 туралы жылдам әрі дұрыс ақпаратты жеткізуде ең алдымен нені міндет етіп қойдыңыздар? Алматы карантинге алғашқылардың бірі болып жабылды. Індет жұқтырғандар саны әлі де көптеу орталықтардың қатарында тұр. Осы қиын сәттерде жұмыс істеу тәртібі қалай болды?
–13 наурызда ең алғашқы індет жұқтырғандар, өкінішке қарай, біздің қалада да тіркелді. Төтенше жағдай жарияланған күннен бастап телеарнаның жаңалықтар бөлімі, арнайы жобалар тобы, техникалық мамандарымыз ең алдыңғы шепте бүгінге дейін тынбастан қызмет етуде.
Алайда біз дайындық жұмыстарын наурыздан әлдеқайда ертерек бастаған едік. Желтоқсан айында індет Уханьда пайда бола бастаған кезден, қала әкімі Бақытжан Сағынтаевтың тапсырмасымен, әкімнің орынбасары Ержан Бабақұмаровтың басшылығымен, Қоғамдық денсаулық басқармасымен бірлесе отырып осы тақырыпты жан-жақты зерттеп, ақпараттар жинап, көрермендерді хабардар ете бастадық.
Төтенше жағдай кезінде телеарнамыздың бағдарламалар кестесін өзгерттік те, жаңалықтар қызметі жұмысын жедел түрде қайта қарап, жаңаша ұйымдастыруды қолға алды. Көрермендерді пандемияға қатысты ақпаратпен шұғыл түрде таныстырып отырдық. Бұл жұмыс әлі де жалғасуда.
Әлеуметтік желілерде: Фейсбук пен Телеграмда «STOPCOVALMATY» деген арнайы парақша аштық. Оған арнайы қаржы бөлмей-ақ, штат ашпай-ақ, өз қызметкерлеріміз жұмыла жұмыс істеп, ең шұғыл әрі нақты ақпаратты сол парақшалар арқылы халыққа таратуды қолға алдық.
Індет тіркелгелі бері қызметкерлерді екі рет ПТР-тесттен өткіздік. Оның нәтижесі шыққанша алаңдап жүресіз. Шүкір деп айтайын, барлығымыз да аманбыз. Төтенше жағдай кезінде қала сыртында тұратындарға үй жалдап бердік, жатақханаларға орналастырдық. Сенбі-жексенбіде жұмыс істегендерге ас-ауқат ұйымдастырдық. Әрқайсысына бетперде бердік, антисептиктер алдық. Арнамыздың алдына дезинфекция жасайтын мобильді кабинаны орнатып қойдық. Журналистерді арнайы қорғаныш киімдерімен қамтамасыз еттік. Сұхбатқа барғанда қашықтықты сақтап тұрыңдар деп күнде ескертеміз. «Індет ошақтарынан сақтаныңдар. Жассыңдар, екпіндеп кіріп кетпеңдер» деп жиі айтамыз. Қай кезде де жұмыс жауапкершілікті талап етеді. Арна қызметкерлері мұны ұмытқан емес.
– Телеарнада нақты қанша журналист алдыңғы шепте жүріп, басын қауіп-қатерге тігіп еңбек етті. Нақты қандай бағдарламалар, жобалар жасалды?
– Алдыңғы шепте ұжымның 80 пайызы жүрді деп нық сеніммен айта аламын. Иә, біздің ұжымда да қашықтан жұмыс істеуге кеткендер болды. Негізгі күш шығармашылық топқа түсті. Бақытжан Әбдірұлы басқаратын Алматы қалалық штабы қалай демалмастан еңбек етсе, біздің ұжым да сол қатарда тыным таппастан әр жаңалықты қалт жіберген жоқ.
Жаңалықтарды, бағдарламаларды дайындағанда халық ақпаратты әртүрлі бағытта қабылдайтынын ескердік. Біреуі сюжетті, екіншісі қысқа ғана роликті көреді. Сондықтан бірнеше роликтер түсіріп, онда карантин режимдерін, ТЖ сақтау тәртібін, әлеуметтік жауапкершілікті жан-жақты түсіндіретін қысқа видеолар әзірледік.
Одан бөлек, алдыңғы шепте жүрген дәрігерлердің жұмысын көрсету мақсатында індет туралы деректі фильм жасадық. Қоғамда әлі күнге дейін індеттің бар екеніне сенбейтін, немқұрайлы адамдар бар, өкінішке қарай. Соларға түсінікті болсын деп, пандемия туралы дәрігерлерге айтқыздық. Сол фильм арқылы да халықтың назарын індетке аударғымыз келеді.
Арнайы жобалар жасадық. Карантиннің бірінші, оныншы, отызыншы күні деп елге есеп беріп отырдық. Қаламыздағы, еліміздегі жағдайды ғана емес, дүниежүзіндегі деректерді де көрермендерімізге ұсынуды басты назарда ұстадық.
Әкімдік пен Білім беру басқармасы қолдап, қашықтан оқуға да үлес қостық. Яғни арнамызда 9-11 сыныптарға арналған онлайн сабақтар көрсетілді.
Көзіқарақты көрерменнің көңіліне жақын әрі сабақ болсыншы деп, CCTV-дің Уханьнан басталған індет туралы деректі фильмін аударып көрсеттік. Discovery-дің «Қытай. Індетпен күрес» деген фильмді де тәржімалап бердік.
– Алматы қаласына қатысты, қала маңында шоғырланған елді мекендер туралы ақпараттармен, жобалармен сіздің телеарналар арқылы хабардар боламыз. Бұл мәселеде жобаны әкімдік сіздерге айта ма, әлде сіздер әкімдікке ұсыныс жасайсыздар ма?
– Алматы телеарнасының негізгі құрылтайшысы Алматы әкімдігінің құрамына кіретін Қоғамдық даму басқармасы. Екінші табыс көзіміз – жарнама. Жарнама тарту мүмкіндігіміз еркін шығармашылық бәсекелестіктегі кәсібилігімізді көрсетеді. Осы тұрғыдан алғанда жарнамадан түсетін табыс өткен жылмен салыстырғанда 5 пайызға өседі деп жоспарлануда. Иә, пандемияның кесірінен көп дүние тежеліп тұр. Оны да айта кету ләзім.
Тағы қайталап айтайын, жобаларымызды әкімдіктің даму бағытында анықталған тақырыптарға сай ұйымдастырамыз. Бағдарламаларды жасағанда көрерменді ұмытқан емеспіз.
Қоғамдық-әлеуметтік тақырып басты назарда. «Шешімі бар» – «Есть решение» бағдарламалары көрерменнің көңілінен ерекше орын алған жобаларымыздың бірі. «Шынайы Ақберенмен» – «Честно с Пономаревым» деп аталатын осы жылы көрерменге жол тартқан бағдарламада беделді тұлғаларды сұхбатқа тартамыз. «Өмір иірімі» жобасында адамгершілікті, отбасылық құндылықтарды насихаттаймыз. «Обо всем без купюр» бағдарламасы әлеуметтік-қоғамдық түрлі кикілжіңдерді шешу жолын ұсынады. Алматы тарихына арналған арнайы жобамызда қаланың өткенімен, тұлғаларымен, тарихымен таныстыруды жалғастырудамыз. Әкімнің арнайы тапсырмасымен Қазақстан Жазушылар одағының 85 жылдығына орай жазушылардың өмірбаяндық видеоантологиясын әзірледік. Қазақ әдебиетінің тарихи тұлғалары Мұхтар Әуезов, Ілияс Жансүгіров, Әбіш Кекілбаев, Шерхан Мұртазамен бірге бүгінде ортамызда жүрген Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Қабдеш Жұмаділов, Бексұлтан Нұржекеев секілді тағы басқа да жазушыларымыздың әдебиет, қоғам, ұлт тағдыры туралы пікірлерін топтастырып көрермендерге ұсындық. «Алматым – менің махаббатым» деген ауқымды мюзикл жасадық. Жеңістің 75 жылдығына арнаған арнайы бағдарламаларымызда да бұрын көп жерде айтылмаған деректерді ұсындық. Барлық бағдарламаны санамалап шығу міндет емес шығар. Айтайын дегенім, қандай жобаны, бағдарламаны әзірлегенде де ең алдымен кәсібилікке, шығармашылық қуатқа, билік пен халық арасындағы алтын көпір орнату ұстанымына мән береміз.
– Көрерменді тарту үшін сапалы контенттен бөлек, телеарналар көрерменге телехикая ұсынады. Сіздердің телесериал таңдаудағы басты ұстаным қандай? Екіншіден, бұрын қандай да бір бағдарламаны көре алмай қалсақ, қайталануын күтіп жүретінбіз. Қазір барлық бағдарлама сайтта бар. Ол жердегі көрілім саны қандай?
–Бір ғана мысал айтайын. Төтенше жағдай кезінде «42 500 теңгені қалай алуға болады, кімдерге беріледі?» деген сұрақтар туындады ғой. Сонда Алматының әлеуметтік саласын басқаратын Рахат Сейдахметқызы Шимашеваны шақырып, сұхбат жүргіздік. Сол хабарды интернетте бір миллионға жуық адам көрді. Рейтинг бойынша телеарнамыздың Аlmaty.tv сайты соңғы бір жылда алғашқы ондықтан түспейміз, өте жиі бестікте, одан да жиірек екінші орында тұрмыз. Google күніне кез келген жаңалығымыздың кем дегенде біреуін, болмаса бес-алтауын маңызды деп есептеп, «Алматы» телеарнасына сілтеме жасайды. Меніңше, бұл ақпараттар тасқыны кезінде өте айтарлық көрсеткіш. Мақтанды деп сөге көрмеңіздер….
Ал телехикая туралы айтсам, біздің өмірге ұқсастау, жұрттың көңілінен шығады-ау деген дайын өнімдерді аламыз. Әріптестерімен бірге, бәсекелестердің сеткасына қарап отырып таңдаймыз. Осы күні кешке екі-үш сериал беріп, оны келесі күні түске дейін қайта қайталайтын арналар да бар, өкінішке қарай. Арна сеткасы телехикаямен емес, кәсіби бағдарламалармен толықса ғой деп үміттенесің.
– Алматы телеарнасының ұжымы «Тұмар» телевизиялық бәйгесінің иегері атанғандарыңыздан хабардармыз. Құттықтаймыз! Осындай марапаттар сіздерді жаңа жобаларға ынталандыра ма?
– Рақмет. Әрине, кез келген марапат шығармашылық ұжым үшін үлкен мотивация. Алайда ең үлкен марапат көрермен тарапынан берілуі керек деп ойлаймын. Біз мәртебелі көрермен үшін қызмет етеміз.
Адам ұдайы дамуы керек. Ал ізденіс болмаса дамымайсың. Сіз айтқан ынталандыру үшін, жаңа жобалар әзірлеу үшін де жаңаша көзқарас керек. Қазір сол жаңашылдық жолындамыз. Ол үшін мамандардың кәсібилігін үнемі назарда ұстаймыз. Алайда заманауи техника болмаса кәсіби маманның да қолы байлаулы. Оны да естен шығармауымыз керек.
Елге аян, осынау індетпен күресте алдыңғы шепте дәрігерлермен, полицейлермен, дезинфекционистермен, шағын дүкен сатушыларымен қатар, журналистер, операторлар, видеоинженерлер де жүрді. Олар қиындыққа төзді, қауіп-қатерден қашқан жоқ. Басты міндеті елге ақпаратты шұғыл әрі дұрыс жеткізе білді. Мен өз әріптестеріме алғыс білдіремін. Бұл індет әр адамның бойындағы өмірге, жақынына, отбасыға, айналасына, туған қаласына деген көзқарастарды өзгертті. Еркіндіктің, бостандықтың қадірін ұқтырды. Әр отбасы үшін береке-бірліктің қадірін сездірді. Сөз соңында осы құндылықтарымызды көздің қарашығындай сақтайық дегім келеді.
Тағы айтайын дегенім, күн сайын әкім өткізетін Шұғыл штабтың жиналысына қатысамын – барлық ақпаратты дереккөзден естиміз. Дәл осы күндері карантин режимі жеңілдеді дегенмен, індет сейілген жоқ. Сондықтан сіздердің басылымның мүмкіндігін пайдаланып, оқырманға сақтаныңыз дегім келеді. Бетперде тағуды жай сөз деп қабылдамау керек. Бетперде сізді ғана емес, отбасыңызды, жақындарыңызды індеттен сақтайды. Бір сәт ойланайықшы, еліміздегі індетпен күресіп жатқан дәрігерлер, міне, екі айдан астам уақыттан бері отбасыларынан алшақта қызмет етуде. Бетперде тағу арқылы дәрігерлерімізге қолдау жасайтынымызды да ескертемін. Әрқайсымыз әлеуметтік жауапкершілікті сезінгенде ғана індетті жеңеміз.
– Әңгімеңізге рақмет!
Әңгімелескен Қарагөз СІМӘДІЛ
Дереккөз: Ана тілі газеті