Қазақстан азаматтығын алған кениялық желаяқтар Азия чемпионатына бара алмайды

Қазақстан азаматтығын алған кениялық желаяқтар Азия чемпионатына бара алмайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанның азаматтығын алған кениялық желаяқтар ұлттық құрама сапында Азия чемпионатына бармайтын болды. Қазіргі кезде спортшыларды халықаралық жарыстарға қатыстыруға рұқсат алу мәселесі шешіліп жатыр, деп хабарлайды Almaty.tv.

Еске сала кетейік, жеңіл атлетикадан құрама сапына бір апта бұрын екі ер және үш әйел алынған еді. Желаяқтардың ең жасы 20-да, ал үлкені 29-да. Бұл жаңалықты бірі қолдаса, қалғандары сөкті. Осы жағдайға байланысты спорт комментаторы Есей ЖЕҢІСҰЛЫНЫҢ пікірін тыңдап көрген едік.

– Есей мырза, жалпы спортшыларға азаматтық беру процессі қалай жүзеге асады? Соңғы кезде елімізде жеңіл атлетикадан көзге түсіп жүрген кімдерді атар едіңіз?  

– Бұл жалпы, спортты сүйетін жанкүйерлердің көкейінде көптен бері тұрған сұрақ. Өзіміз де ақпарат құралдарында істеп жүрген кезде Қазақстан Республикасының азаматтығын алу тәртібін заңдар бойынша қарастырып көргенбіз. Яғни, заң бойынша Қазақстанда кемінде, 5 жыл тұрған, осы елдің суын ішіп, ауасын жұтқан азаматтар алуға тиіс. Яғни, Қазақстан Республикасының өмірінен кем дегенде 5 жыл хабардар болуға тиіс азамат алу керек. Бірақ спортта, жалпы, Қазақстанда ғана емес, әлемде азаматтықты жылдам беру үрдісі қашаннан-ақ бар. 2000 жылғы Сидней олимпиадасында Ольга Шишигина Қазақстан атынан алтын медаль алды. Өзіміздің азаматымыз. 2004 жылы Афина олимпиадасында Дмитрий Карпов қола жүлде алды. Одан бері де 3 дүркін Олимпиада жүлдегері болған Ольга Рыпакованы айтайық. Өзіміздің елімізде белгілі бір дәрежеде нәтиже бере алатын спортшылар бар. Бірақ соңғы кездері спринттік қысқа қашықтықтарда көзге түсетін спортшылардың жоқ екені рас. Тәуелсіздіктің 27 жылында бір қазақтың баласы жеңіл атлетикадан жүлдеге ілінген жоқ. Соңғы кездері тек марафоншы Гүлжанат деген қызымызды ғана айтамыз. Басқа ұлттық құрамада көзге түсіп жүрген спортшыларымыз мүлде жоқ деуімізге болады.  

– Соңғы 5 жылда елге шақырылған спортшылар көп болды. Қазақстанның азаматтығын алғандар үмітті ақтай алды ма? Кімдерді атайтын едіңіз?  

– Мысалы, өздеріңіз жақсы білесіздер, бізге күрестен легионерлер көбірек келді. 2004 жылғы Афина олимпиадасында Георгий Цурцимия грек-рим күресінен қоржынымызға күміс жүлде салды. Оның Грузияның тумасы екенін жақсы білесіздер. Сондай-ақ, теннистен Михалин Кукушкин, Недовесов Андрей, Голубев деген жігіттер Ресейден келіп ойнайды. Қазір біздің атымыздан Юлия Путенцесова сынға түсіп жүр. Ярослова Шведова Ресейден келіп, қосарлап өнер көрсету, яғни жұп болып өнер көрсетуде турнирлерде дулыға ұтып алғанын білесіз. Әрбір спорт белгілі деңгейде легионерлерден пайда көріп жатыр. Бірақ өз басым, бұл жаппай үрдіске айналып кетпеуі тиіс деп есептеймін.

– Біздің жеңіл атлетиканың қазіргі хал-ахуалы қандай? Сонда бізде маман жеткіліксіз бе? Бұл спорт түрінің дамуына не кедергі болып отыр?

– Менің ойымша, елде белгілі бір спорт түрі жоқ деп айту ауырлау болмақ. Ол спорт жоқ емес, бар. Бұрыннан келе жатқан дәстүр бар. Біз бұл дәстүрді қаншалықты дамытып отырмыз. Қазір ұлттық құраманың бас бапкері Григорий Егоров кезінде кезінде 1992 жылғы Барселона олимпиадасында сырықпен секіруден қола жүлдегер атанды. Сергей Бубконың кезінде, өзіңіз ойлаңыз! Ал содан бері бізден бірде-бір сырықпен секіруші шыққан жоқ. Демек, біз мектепті үзіп алғанбыз. Әмин Тұяқовтар, Ғұсман Қосановтардың өзі қандай еді?! Ал содан кейін бізден бір жүйрік спортшы шықты ма? Қысқа қашықтыққа жүгіретін бірде-бір мықты жүйрігіміз шыққан жоқ. Демек, біз өзіміздегі бар дәстүрді ары қарай дамыта алмай, жалғастыра алмай отырмыз. Яғни, бұл спорт түрі белгілі бір дәрежеде дамымай қалды деуге болмайды. Бірақ Азия деңгейінде алсақ, бізде көзге түсіп жүрген спортшыларымыздың аттарын дәл қазір атап бере алмаймын. Аса жоғары өнер көрсете алмай қалғаны рас. Яғни, бұл белгілі бір дәрежеде жеңіл атлетиканың деңгейі төмендеп кеткенін аңғартады.

– Уақыт бөліп, пікір бөліскеніңіз үшін рахмет!  

Жадыра Омаржан, «Алматы» телеарнасы




Новости партнеров