«Апатты жағдайдың орын алғаны келіспеушіліктің нәтижесі». Саясаттанушы Р. Жұмалы су тасқынына қатысты пікір білдірді

ашық дереккөз
ашық дереккөз
Қазақстан тарапы Өзбекстанға қарсы нота жолдамайды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан тарапынан Өзбекстанға қарсы нота жолдау қарастырылмайды. Бұл туралы еліміздің Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.  

Оның сөзінше, қазір елді-мекендерді су басу мәселесін шешу үшін екі елдің басшылары бірігіп, тығыз әрекет етіп жатыр. Енді алдағы уақытта орын алған апатқа байланысты екі ел тарапы қандай мәмілеге келуі мүмкін? Бұл туралы белгілі саясаттанушы Расул Жұмалы мырзаның пікірін сұрап көрейік.  

– Қайырлы кеш, Расул Берекетұлы! Енді сіздің ойыңызша, біздің ел, яғни зардап шегуші тарап осы тұрғыда келген шығынды өндіріп ала ала ма?

– Қайырлы кеш, Маржан! Менің ойымша, қазір бірінші кезеңде сөз болып отырған ақпаратпен алмасу. Бұған дейін екі елдің арасында жалпы Орталық Азия мемлекеттерінің арасында Сырдария болсын, Әмудария болсын, ағысына,  арнасына қатысты бірқатар келісімдерге қол қойылған болатын. Оның ішіндегі міндеттемелердің бірі – осы судың ағысына, арнасына әсер ететін жаңа бекеттер салынатын болса, ақпарат алмасып тұру. Бұны біздің тарап білуі керек. Осындай міндеттемені Өзбекстан тарапы толыққанды орындаған жоқ. Қайта жаңағы су бөгеті қауіпті  жағдайға жеткенде,  Қазақстан тарапына «алаңдайтын ешқандай реті жоқ, су сіздердің аумақтарыңызға жетпейді» деген әңгімелерді айтып, қайта әбігерге түсіргендігі. Қазір меніңше сөз болып отырғаны осы ақпаратпен алмасу. Өзбек тарапы тосын жағдайға қандай себептер алып келгені жайында ақпаратты толыққанды беруі керек. Қайталап айтамын, бұл Халықаралық келісімдердің талабы. Содан кейін барып осы ақпарат берілгеннен кейін барып, бәлкім, шығын мәселесі көтерілетін шығар. Меніңше, бұл кішкене  қиындау жағдай. Әлемдік тәжірибеге келетін болсақ, қазір АҚШ пандемияға қарсы Қытайға талап қойды, басқа да мемлекеттердің арасында да болады... Ал бұл көршілес мемлекетпен арадағы болып отырған мәселе ғой. Меніңше, бұдан ары ушықтырмай, қайта осындай жағдайлардың қайталануына алып келмеу мәселесін қарастыру, жаңағы келісімдерді шешу. Бұл жерде мәселе тек қана қазақ-өзбек мәселесімен шектелмейді. Сырдария, Әмудария болсын, осы өзендердің жоғары жағында тұрған тәжік пен қырғыздың мәселесіне келіп тіреледі. Бұл – трансшекаралық өзендердің мәселесі.

– Жалпы осындай техногендік апат орын алған жағдайда мемлекеттер қандай мәмілеге келуі мүмкін?

– Біздегі енді күрделі жағдай мынау – электр қуаты мүмкіндігі өте тапшы мемлекеттердің қатарындамыз. Тәжікстан, Қырғызстан дегендей. Олардың мұнай-газы шамалы және өздеріне қажетті электр қуатын  су электростанцияларынан өндіреді. Қырғыздар, тәжіктер жазғытұрымда, күзде суды жинап келеді де қыстың күні жылу керек болғанда бұлар жібереді. Қазаққа керегі жоқ болғанда, бұлар суды бізге қарай жібереді. Ал қажет болған жағдайда бөгеттеп отырады. Бұл сол 20-30 жылдан бері шешілмей келе жатқан өзекті тақырыптардың бірі. 4-5 мемлекет отырып осы мәселені шешеді. Әзірге қысқа мерзімде жарты жылға, бір жылға осы мәселелер шешіліп келген болады да, ұзақ мерзімге мұндай келісімдер жоқ және жаңағыдай апатты жағдайдың орын алғаны келіспеушіліктің нәтижесі деп табуға болады. Сондықтен  бірінші кезекте осы мәселені өте қиын болса да қарастыру керек. Оның ішінде кезінде осы мәселенің шешілген бір тұсы ол суды жібергені үшін қырғыздарға және тәжіктерге бір мазутты немесе көмірді тасымалдап мәселені шешіп берген болатын. Басқа да тетіктерін, меніңше, қарастыру керек.

– Уақытыңызды бөліп, пікір білдіргеніңізге рахмет!

Новости партнеров