Иранның әйелдер және отбасы мәселесі бойынша вице-президенті Масуме Эбтекардың коронавирус жұқтырғаны анықталды деп хабарлайды kaz.nur.kz риа новости-ге сілтеме жасап.
"Коронавирустың кейбір белгілерін негізге ала отырып Эбтекар ханымға анализ жасалды. Сынама оң нәтиже көрсетті", – деп хабарлады IRNA агенттігіне вице-президенттің көмекшісі.
Бейсенбідегі мәліметке сәйкес, Иранда коронавирустың жаңа түрін жұқтырғандар 245 жеткен. Олардың 26-ы көз жұмған.
Еске сала кетейік, бұған дейін осы елдің Денсаулық сақтау министрінің орынбасары Ирадж Харирчиден коронавирус анықталғаны белгілі болған. Дәрігердің өзі де коронавирус жұқтырғанын растаған еді.
Кейін 57 жастағы парламент депутаты Махмуд Садекиден де коронавирус табылғаны белгілі болды. Бұл туралы ирандық саясаткердің өзі әлеуметтік желідегі парақшасында хабарлаған болатын.
Қытайлық маман Чжун Наньшаньның мәліметінше, коронавирусқа шалдыққан науқас орта есеппен вирусты екі-үш адамға жұқтыруы мүмкін.
Оның айтуынша, қатерлі дерттің жылдам таралуы осыған байланысты.