Алматыдағы модульді аурухана алғашқы науқастарды қабылдады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Онда қазіргі таңда 43 науқас ем қабылдап жатыр. Бұл туралы қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы мәлімдеді. Естеріңізде болса, осыдан үші күн бұрын COVID-19 инфекциясының алдын алу үшін 18 күнде салынған су жаңа модульді аурухананың ашылуына қала әкімі Бақытжан Сағынтаев қатысқан болатын. Медициналық мекеме заманауи жабдықтармен жарақталған. Сондай-ақ, ақ халаттылардың да қауіпсіздігі басты назарда.
Су жаңа аурухана дәл осы жерге COVID-19 инфекциясын жұқтырған қабылдауға дайын. Аурухананың барлық палаталарымен бөлмелері заманауи желдеткішпен қамтылған. Өздеріңіз көргендеріңіздей, барлық палата осындай көрпе-төсекпен қамтылған. Одан өзге палатада ультракүлгін құрылғысы да орнатылған.
Аурухана аумағы темір тормен қоршалған. Қақпа жабылып, бөтен адамның барлығы аурхана териториясынан шығарылды. Себебі медициналық мекемеге COVID-19 инфекциясын жұқтырған алғашқы науқасты алып келді. 18 күнде салынып біткен мекемеде дәрігерлердің қауіпсіздігі бірінші кезекте. Барлық қызметкер қорғаныс құралдарымен қамтылған. Және таза аймақ қарастырылған. Яғни дәрігерлердің демалыс бөлмесі. Одан өтетін барлық маман алдымен қорғаныс киімін өткізіп, жуынғаннан кейін ғана таза аймаққа кіре алады.
«Кеше кешкі сағат 18.00-ден бастап алғашқы науқастарды алып келді. Онда қазіргі уақытта 43 пациент жатыр. Олардың ішінде біреуінің ғана жағдайы орташа ауыр деп бағаланып отыр. Ал, қалғандарының жағдайы қанағаттанарлық. Дертінің ауырлық деңгейіне қарамастан, модульді ауруханаға COVID-19 инфекциясын жұқтырған барлық науқас жатқызылады», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық басқармасы басшысының орынбасары Әсел БИСЕНБАЕВА.
Модульдік кешенде палаталарда теріс қысым жасайтын желдету жүйесі жұмыс істейді. Атап айтқанда, вирусы бар ауа палатадан тыс жерге енбейді, ол арнайы залалсыздандыру жүйелеріне түседі. Еске салайық, аурухана 280 төсек-орынға есептелген. Онда 9 клиникалық бөлімше мен 28 төсек-орындық жансақтау бөлімшесі бар.
Арнат Дүйсен, Валерий Таубалдиев, «Алматы» арнасы