|
26.07.2022 | 12:21
936

Жаңа карантин шаралары бизнеске қалай әсер етуі мүмкін

Қызыл аймаққа көшу орын алған жағдайда қолданылатын карантиндік шектеу шаралары талқыланды

Жаңа карантин шаралары бизнеске қалай әсер етуі мүмкін Фото: ашық деректен

"Атамекен" ҚР ҰКП алаңында коронавирус инфекциясының өршуі себепті қызыл аймаққа көшу орын алған жағдайда қолданылатын карантиндік шектеу шаралары талқыланды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Sputnik.kz сайтына сілтеме жасап. 

Талқылауға 150-ден астам бизнес-қауымдастық өкілдері, сондай-ақ, денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық палата өкілдері қатысты.

Бизнес-қауымдастық өкілдері қатаң шектеу шараларын енгізу бұрынғы шектеулерден енді ғана қалпына келе бастаған бизнеске ауыр соққы болады деп есептейді.

"Кәсіпкер мен жеке тұлға арасындағы жауапкершіліктің аражігін нақты ажыратуды сұраймын. Келушілер маска режимін сақтамаған жағдайда шегі жоқ айыппұл салдарынан бизнестің жабылып қалған кездері болғаны бәрімізге белгілі. Бизнеске айыппұл салып, кедергі келтіреді. Сондықтан жауапкершілікті нақтылап алайық. Кәсіпкер барша халық үшін жауап бере алмайды", – деді бөлшек сауда және тамақтану қауымдастығының президенті Марина Бошель.

Жиын барысында карантин шаралары немесе локдаун болса кәсіпкерлерге мемлекет қандай қаржылай көмек көрсететіні де айтылды.

"Егер шектеу енгізілетін болса, салық төлеу мәселесін шешу керек. Өйткені шектеу бастала сала бизнестің шығыны еселенеді. Маскалардың өзі үлкен шығын. Онда салық төлеу мен тексеруге мораторий енгізу керек. Осы пандемия бизнесті әуре-сарсаңға түсіргені бәрімізге мәлім", – деді Марина Бошель.

Өз кезегінде туристік саланың өкілі Инна Рей бизнеске ешқандай шектеу шаралары енгізілмеуі тиіс деп санайды. Өйткені бизнес ендігі қатаң шектеулерге төтеп бере алмайды. Талқылау барысында ақпараттық қауіпсіздік сертификаты жоқ және өнеркәсіптік пайдалануға берілмеген Ashyq енгізудің заңдылығы мәселесі қозғалды.

Бұл мәселе бойынша кәсіпкерлердің алаңдаушылығын ҚР ДСМ санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Сәуле Ахметова сейілтті.

"Ashyq платформасы аруханалардағы төсек-орынның 50%-дан астамы толған кезде енгізіледі. Егер денсаулық сақтау жүйесі үлгермей қалса, онда 2020 жылдағы жағдай қайталанады, сонда Ashyq енгізіледі. Ashyq ақпараттық қауіпсіздікке тексеріліп жатыр. Бағдарлама жақын арада өнеркәсіптік пайдалануға беріледі. Жыл бойы ол тәжірибелік пайдаланудан өтті. Яғни, тәжірибелік пайдаланудан кейін ол өнеркәсіпке енгізіледі", – деді Сәуле Ахметова.

Денсаулық сақтау министрлігінің өкілі сонымен бірге қазіргі кезде ұсынылған шаралар Денсаулық сақтау жүйесіне жүктемені ескере отырып, жаңа матрицаға негізделгенін түсіндірді. Сары аймақта шаралар ұсынымдық сипатта болады.

Ал қызыл аймақ кезінде өткен жылмен салыстырғанда жұмсақ шаралар қолданылады.

Бизнес өкілдерінің барлық ұсынысы мен қарсылығы қызыл аймақ үшін карантиндік шараларды әзірлеу кезінде ескеру үшін денсаулық сақтау министрлігіне жіберіледі.

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир