Нұр-Сұлтанда 10 науқастың жағдайы әлі де ауыр халде. Ол туралы Нұр-Сұлтан қаласының Қоғамдвық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова мәлімдеді, деп хабарлайды Almaty.tv.
Оның сөзінше, екі адам өкпені жасанды желдету аппаратына қосылған. Қауіпті вирусты ең көп жұқтырғандар ішінде 18 бен 49 жас аралығындағылар көп. Сонымен қатар, Кисикова жаңа салынған модульдік жұқпалы ауруханада қанша адам ем қабылдап жатқанын айтты.
«Жаңа салынған модульдік жұқпалы ауруханада бүгінгі таңда 180 науқас ем алып жатыр. Олардың жағдайы қалыпты. Бірақ 3 науқас реанимация бөлімінде жатыр. Емдеу клиникалық протоколға сәйкес жүріп жатыр», – деді Қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле ҚИСЫКОВА.
Одан өзге, карантин кезінде бас қалада әкімшілік құқық бұзған 5 мыңға жуық тұрғын жазаланды. Блок-бекеттерден өтіп кету үшін тәртіп сақшыларына ақша ұсынған тұрғындар да болыпты. Ал ел ішінде тараған белгілі бір соммаға бекеттен өтуге болады деген қауесет жалған дейді қалалық жергілікті полиция қызметінің басшысы.
«Карантиннің екінші кезеңінде азаматтар түсіністікпен қарай бастады. Бұл уақытта құқық бұзу фактілері аз тіркелді. Карантин кезінде 1000-нан астам көлік коммуналдық тұраққа қойылды. Тұрғындарға шектеу шараларының барлығы азаматтардың денсаулығын қорғау үшін жасалып жатқанын айтқымыз келеді. Сондықтан түсіністікпен қарауды сұраймын», – деді қалалық Жергілікті полиция қызметінің басшысы Госман ЖАКИН.