Қашықтықтан оқуға көшкен студенттер қолжетімді интернет-платформаларын қолдануда. Атап айтқанда, youtube-streaming, zoom. Skype, Microsoft team секілді қосымшалар арқылы студенттер білім алып, тапсырмаларын оқытушыларға жібере алады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Сәйкесінше, жоғарғы оқу орындары ұстаздары да дәріс оқуда осы қосымшаларды қолданады. Егер білім алушыларда қандай да бір сұрақтар туындаған жағдайда қосымша түсіндіру жүргізу үшін арнайы видеолар да дайындалуда дейді университет қызметкерлері.
«Университеттегі осы сабақ өту барысын қадағалайтын құрылымдарда сәйкесінше мүмкіндік бар. Осы мүмкіндіктерді пайдаланып, олар сабақтың өткен-өтпегенін, мұғалімдердің тапсырманы қойған-қоймағанын дер кезінде қадағалап отыр күнбе-күн. Трансляцилардың барлық сілтемелері аталған құрылымдарға дер кезінде беріліп отырады», – деді Әл-Фараби атындағы ҚАЗҰУ Ақпараттық технологиялар және инновациялық даму институтының директоры Ерлан ҚЫСТАУБАЕВ.
Айта кету керек, бүгінде әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде 26 мыңнан астам студент қашықтықтан білім алуда. Қызметкерлердің айтуынша, қашықтан оқу жүйесіне білім ошағы техникалық жағынан толықтай қамтылған. Сондай-ақ, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті де, Microsoft платформасы арқылы, ал видиоматериалдар Teams және Stream қосымшаларының көмегімен онлайн түрде өткізіледі. Одан өзге, тәлімгерлердің бағасы мен үй тапсырмалары электрондық почта, Whats app, Telegram, Instagram арқылы жіберіледі.
«Біздің университеттегі мұғалімдердің 95 пайызы қашықтан оқытуға дайын болған. Қалғандары наурыздың 12-сі мен 14-і аралығында арнайы семинар-тренингтерде онлайн оқытудың нұсқаулықтарымен танысты. Сондай-ақ, толық техникалық мүмкіндігіміз де бар. Білім ошағында онлайн оқытатын ұстаздарға арнайы кабинеттер ашылды», – деді Халықаралық ақпараттық технологиялар университетінің ректоры Райса ӨСКЕНБАЕВА.