Елімізде эпидахуалдың жаңартылған болжамы жарияланды

Almaty.tv
Almaty.tv
Коронавирус екпесінің І компонентін қазіргі таңда 2 млн-нан астам адам салдырған
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елімізде эпидемиологиялық ахуалдың жаңартылған болжамы жарияланды, деп хабарлайды Almaty.tv.

Бүгін Үкімет отырысында денсаулық сақтау министрі Алексей Цой вакцинация тиімділігі 60 пайыздан төмен болса, маусым-қыркүйек айында тіркелетін жағдайлардың саны шамамен 95 мың адамға жетуі мүмкін деген болжам айтты. 

Ал, шынайы негізде қараса 69 мың адам болмақ. Алайда бәрі халықтың вакцина алуына байланысты өзгеруі ықтимал көрінеді.

Денсаулық сақтау министрі аталған үш сценарийдің жүзеге асырылуы халықтың вакцинация алу белсенділігіне тікелей байланысты дейді. Айтуынша, коронавирус екпесінің І компонентін қазіргі таңда 2 млн-нан астам адам салдырған. Екпеге елдің жауапкершілікпен қарағанының арқасында бүгінгі таңда қауіпті дертпен ауырғандар саны азайып келе жатыр деп жағымды жаңалықпен бөлісті.  Ауруханалардағы төсек-орын жүктемесі едәуір төмендеген. Мәселен, Нұр-Сұлтан қаласында мамыр айында науқастардың жалпы үлесі 60-тан 47 пайызға дейін, ал Алматы қаласында 57-ден 35 пайызға дейін азайған.

«Қазіргі уақытта ауру таралуы төмендеуінің оң динамикасы байқалады және эпидемиологиялық ахуал біртіндеп тұрақталып келеді. Соңғы аптада сәуір айының соңы мен мамыр айының басындағы ауру-сырқау көрсеткішімен салыстырғанда коронавирус инфекциясы жағдайының анықталған саны 4 мыңға дейін төмендеді. Толықтай алғанда ауруға шалдығу 20 пайызға азайып отыр», – деді ҚР Денсаулық сақтау министрі Алексей Цой.

Үкімет басшысы мұндай көрсеткішке марқайып отыру әлі ерте екенін министрлер мен әкімдердің есіне салды.  Өйткені, вирустың репродуктивтілік индексі 0,95.  Алты бірдей өңір «қызыл» аймақта тұр.

«Вакцина қорларын толтыру, егу пункттерінің санын арттыру бойынша шаралар қабылданып жатыр. Вакцинаның болу-болмауы бойынша ешқандай проблема жоқ. Қазір егу науқанын кеңейту пандемиямен күресуде ең маңызды міндет. Денсаулық сақтау министрлігі мен әкімдіктерге вакциналау қарқынын арттыруды тапсырамын», – деді ҚР Премьер-министрі Асқар Мамин.

Қазір Қазақстан коронавирустың таралуы бойынша «сары» аймақта. Ел төңірегінде «үнді» штаммы» тіркелмеді. Алексей Цойдың айтуы бойынша екпе салу пункттерінде вакцина дозасы жеткілікті. Бұған қоса, Қарағанды фармацевтика кешені Спутник-V препаратының қосымша 1,7 млн дозасын өндіріп, өңірлерге жеткізіп жатқан көрінеді.

Асылбек Тойбек

Новости партнеров