Алматыда 100 жастағы қария коронавирустан айығып шықты

Almaty.tv
Almaty.tv
«Көрер жарығым әлі де көп екен» деп толқыған әжей көпшілікке батасын беріп, алғыс айтты
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматының 100 жастағы тұрғыны коронавирустан айығып шықты. Бүгін ғасыр жасаған кейуананы Изатима Жекенова атындағы қалалық инфекциялық ауруханадан шығарды. «Көрер жарығым әлі де көп екен» деп толқыған әжей көпшілікке батасын беріп, алғыс айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

  

Дәмеш Қаратаева 5 ақпанда жөтел мен әлсіздік дендеп, ауруханаға түскен. Дәрігерлердің айтуынша, сол кезде кейуананың жағдайы ауыр болыпты. Бірден интенсивті терапияға кірістік деген мамандар «Ауруды жеңудегі басты нәрсе – науқастың өмірге деген құштарлығы» дейді.

«КТ-1» 25 пайызбен түсті. Жалпы, түскен кезде басы айналып, жөтелмен, әлсіздікпен ауыр боп түсті. Қазір жағдайы жақсы», - деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық аурухананың бөлім басшысы Дәния Насырбекова.

Ғасырлық ғұмыр кешкен кейуананың өзі үйіне қайтуға асық. Екі сөзінің бірінде ақ халаттыларға алғысын айтып, жағдайының жақсарғанына дән ризалығын білдірді.

«Мені емдеп, қолдау білдіріп жатқан бәріңе рахметімді айтамын, айналайындар! Өмір жастарың ұзақ болсын! Менің жасымды берсін, әумин!», - деп батасын берді Дәмеш Қаратаева.

Айта кету керек, Дәмеш әже дәл өзінің 100-ге келген туған күнінде ауруханадан шығып отыр. Қос қуанышы қатар келген кейуананы мұндағы мамандар тәтті-дәмдісі мен гүл, сыйлығын беріп шығарып салды. Ал анасының ортаға оралғанына қуанған ұрпақтары аурухана әкімшілігіне зор алғыс айтады.

«Шексіз алғысымды білдіремін. Жалғыз мен емес, қаншама немерелері бар, шөбере-шөпшегі, бәрі дәрігерлерге рахмет айтып жатырмыз!», - дейді Д.Қаратаеваның немересі Нұрбол Жұмабеков.

Немересі «бұған дейін екпе алуға қорықтық» дейді. Жасыратыны жоқ, олар жүз жасаған қарияға вакцинаның қалай әсер ететінін білмеген. Енді аурудан айыққан әжейге қажетті шараның бәрін жасаймыз дейді балалары.

Мадина Оқас, Динара Сабитова, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров