Қызылорда облысы эпидахуалды бағалау матрицасында «сары» аймаққа өтті. Бұл соңғы аптадағы көрсеткіштер негізінде қабылданды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
Жыл басынан бері ең жоғары көрсеткіш ақпанда тіркелген болатын. Бұл айда облыста 240 адам коронавирус жұқтырды. Ал сәуір айының алғашқы аптасының өзінде мұндай 201 жағдай тіркеліп отыр. Бұл эпидемиологиялық ахуалдың күн сайын күрделеніп жатқандығын көрсетеді. Өткен тәулікте Қызылорда облысы бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырудың 22 жағдайы көрініс берді. Атап айтқанда, Қызылорда қаласында 9 адам қатерлі індеттің құрығына іліксе, аудандар арасында Арал мен Сырдарияда - 2, Жаңақорғанда - 3, Қазалыда - 6 жағдайдан тіркелді.
«Өңірде карантин режимінің енгізілгеніне бір жылдан астам уақыт өтті. Тұрғындардың көбісі сақтық шараларын орындай бермейді. Бұл жағдайды одан сайын ушықтыра береді. Бетперде тағу режимі әлі де сақталып тұр. Халықтың 60 проценті вакциналанған жағдайда бұл талаптар алынуы мүмкін. Жақын арада облыста жаппай вациналау жүргізіледі. Екпенің кезекті партиясы келгеннен кейін кез келген тұрғын өзінің тіркелген емханасынан коронавирусқа қарсы екпе ала алады»,– деп мәлім етті облыстық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаментінен.
Айта кетейік, жыл басынан бері Қызылордада жыл басынан бері карантин талабы 137 мәрте бұзылған.