Павлодар облысындағы Ақтоғай ауылы карантинге жабылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.
Басылым мәліметінше, ауылдағы Қайырбаев атындағы жалпы орта білім беру мектебінің 6 мұғалімі мен 22 оқушысынан СOVID-19 анықталған. Қазіргі таңда ауылдағы жолға санитарлық бекет орнатылған.
Ауылда монша, шаштараз, қоғамдық тамақтану объектілері, спорт нысандары, тігін ательесі, шиномонтаж, техникалық қызмет көрсету орталығының жұмысына шектеу қойылды, әрі мешіт пен шіркеу жабылды. Мұндай шешімді ауданның бас санитар дәрігері қабылдаған.
«Соңғы күндері Қайырбаев атындағы мектепте 6 педагог және 22 оқушыдан алынған ПТР-тест оң нәтиже көрсетті. Бір мұғалім Павлодар қаласындағы жұқпалы аурулар ауруханасына жатқызылды. Қалған мұғалімдер мен балаларда ауру асимптоматикалық болып саналады. Олар амбулаториялық ем алады», – дейді Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Бибігүл Оспанова.
Оның айтуынша, ауылдағы 17 бала кезекші сыныптарда, бесеуі қашықтан оқыған.
«Осыған байланысты аудан орталығының 2 мектебі онлайн оқытуға көшірілді, балабақшадағы кезекші топтар жабылды», – дейді Оспанова.
Сонымен қатар, санитар дәрігердің қаулысына сәйкес, мемлекеттік органдардың (ұйымдардың, кәсіпорындардың) қызметіне 9:00-ден 16:00-ге дейін, азық-түлік дүкендеріне 9:00-ден 19:00-ге дейін, азық-түлік емес дүкендерге 10:00-ден 15:00-ге дейін, ХҚКО бөлімшелері, "Қазпошта" АҚ, "Халық Банк" АҚ сағат 10:00-ден 16:00-ге дейін жұмыс істеуге рұқсат берілді.
Азық-түлік емес тауарлар дүкендері демалыс және мереке күндері жабылатын болды.
Жол жөндеу қызметі, полиция, медицина қызметкерлері және басқа да ұйымдарды қоспағанда, ауыл тұрғындары арасында қозғалыс кешкі сағат 21:00-ден кейін шектетілді.
Сонымен қатар, Ақтоғай ауылында санитарлық нормаларды қатаң сақтай отырып, такси қызметі жұмыс істейтін болды. Мұнда 4 251 адам тұрып жатыр.