Әлемде коронавирус жұқтырғандардың саны бір жылда мың есеге өскен. Былтыр індет тасымалдаушылардың саны 125 мың болса, бүгінгі статистика 119 миллион адамды көрсетіп тұр. COVID-19 адамзатты дүр сілкіндіріп, барлық мемлекетті экономикалық дағдарысқа әкеліп соқтырды. Алғаш коронавирус жұқтырған қазақстандықтар кім? Ақ халатты абзал жандар бұрын-соңды болмаған белгісіз індетпен қалай күресті? Тақырыпты пандемияның бір жылдағы тарихына шолу жасаған Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тарқатсын.
2019 жылдың желтоқсан айында Қытайда белгісіз вирус туралы алғашқы мәліметтер шыға бастады. Ол кезде бүкіл әлемді пандемия жайлайды деп ешкім ойламады. Қауіптің ошағы Ухань қаласындағы теңіз өнімдерін саудалайтын базар деген ақпарат мамандарды да ғана алаңдатса керек. Бірақ көп ұзамай «COVID-19» деген атауға ие болған вирус жер бетіне желден шапшаң тарай бастады.
- Коронавирус әлемнің тағы 5 елінде тіркелді.
- Сондай-ақ, қазір ғана алғашқы коронавирусты жұқтыру оқиғасының Ресей астанасы Мәскеуде тіркелгені белгілі болды.
- Коронавирус тағы төрт елге тарады.
- Түркияда коронавирус жұқтырудың алғашқы дерегі тіркелді.
- Қазақстанда бірінші коронавирус жұқтыру дерегі тіркелді.
Көп ұзамай жаңа вирус елімізге де келіп жетті. Былтыр 13 наурызда Германиядан Алматыға ұшып келген екі азаматтан COVID-19 анықталды. 10 күн ішінде індет жұқтырғандар саны 60-қа жетті. 15 наурызда ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев ел аумағында төтенше жағдай енгізу туралы жарлыққа қол қойды. Ал, 16 наурызда қаулы күшіне еніп, мемлекет басшысы Қазақстан халқына үндеу жасады.
«Бұл қиындықты бәріміз бір халық, бір қоғам болып міндетті түрде еңсеріп шығамыз. Бұл – уақытша дүрбелең. Осы дағдарыстан абыроймен өтуіміз керек! Енгізілген шектеулерге әр азамат жауапкершілікпен қарауы тиіс. Әр адам барынша сақтанып, вирустың таралмауына атсалысуы қажет», – деді Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев.
Алғаш індет жұқтырған науқастар бірден Изатима Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілді. Аз зерттелген вируспен күресу дәрігерлер үшін көрінбейтін жалынды ауыздықтаумен тең болды. Ақ желеңділер басын қатерге тігіп, ауру ошақтарында үй бетін көрмей, адал еңбек етті. Елдің амандығы үшін жанқиярлықпен жұмыс істеген дәрігерлердің еңбегі ерен.
«Біз біргеміз» деген ұран болды ғой Президентіміз бастаған, жалғыз халық емес бұл инфекцияға қарсы әртүрлі маманның дәрігерлері қосылып, бір жұмылған жұдырықтай күресті бастап кеттік. Осының нәтижесі әр вирустың бұзған жерлерін немесе ауру-сырқат шақырған жерлерін дер кезінде анықтап, емдеп отырдық», – деді И. Жекенова атындағы қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасы филиалының бөлім меңгерушісі Абзал Малбасқанов.
Ал әлем елдері шекараларын жапты. Себебі вирус жұқтырғандардың саны минут сайын өсе берді. Жаһандық дүрбелең басталды. Дәл осы кезеңде Қытайда керісінше шектеу шаралары жеңілдей бастады. 8 сәуірде індеттің ошағы Ухань қаласы ашылды. Ал, жазда әлем вируспен арпалысқа түскенде мыңдаған уханьдық тұрғын жаппай сауық кешін өткізіп, сайран құрып жатты.
Коронавирус әлемді әбден әбігерге салды. Дерттен шипа табылмай, індет адамдарды қынадай қырды. Дәрі-дәрмек тапшы болды. Ауруханаларда орын болмады. Барлық елде төтенше жағдай жарияланып, қосымша стационарлар тұрғызылды. Бұл кезеңнің адамзат есінде ұзақ сақталатыны хақ. Ал, бүгінде қауіп әлі сейілген жоқ. Бірақ болашаққа деген үміт зор. Себебі көптен күткен вакцина жасалып, бүгінде бірқатар елдер жаппай егу шараларын да бастап кетті. Ғалымдардың айтуынша, адамзаттың үміті – вакцинада.
Сымбат Ноғай, Медет Саматұлы, «Алматы» арнасы