Испания Еуропа елдерінің ішінде коронавирус жұқтырғандардың саны бойынша екінші орында тұр, деп хабарлайды Almaty.tv.
Ал, індет салдарынан көз жұмғандар саны 4 жарым мыңға жуықтаған. Біз қазір жақында елге оралып, карантинде жатқан отандасымыз Ақнұр Сейсеновадан ол жақтағы жағдайды өзінен сұрап көретін боламыз.
– Ақнұр, бір айға жуық Испания елінде тәжірибе алмасып қайттыңыз ғой. Қазіргі жағдайыңыз қалай? Қандай-ем-дом қабылдап жатырсыз? Дәрігерлер қалай қарап жатыр?
– Армысыздар, құрметті көрермендер! Испанияда бір айға жуық уақыт болып келдім. Мен 17 наурыз күні аэропортқа түнгі сағат 3.50-де түстім. Мен 18-і күні жедел жәрдем шақырып осы ауруханаға келдім. 18-і күні маған жағдайдың өзгергендігі туралы айтты. Мында келісімен оқшаулады. Бір бөлмеде өзіміз ғана болдық. Коридорға шығуға болмайтын еді. Біздің анализ қорынтындысы шыққанша оқшауланған бөлмеде болдық. Дене қызуымды тексеріп, аурудың симптомдарын қайталап сұрайды. Одан басқа іс-шара қолданып жатқан жоқ. Біздің анализдеріміз жақсы болғандықтан, көрші палатада жатқан қызбен бір палатаға ауыстырды. Бұл жерде коридорға шығуға болады. Балконға таза ауа жұтып келуге болады. Жалпы алғанда көп адамдармен сөйлеспеуге тырысып жүрміз. Медицина қызметкерлеріне алғысым шексіз. Барлығы да сабырлы, білікті мамандар екені көрініп тұр. Біз кейде сабырсыздық танытқанның өзінде олар бізбен барынша асықпай біздің жағдайымызға түсінушілік танытып жатыр. Дәрігерлердің жұмысына ризамын.
– Сіз Испанияда болған кезде короновирустың өршіп бара жатқан кезі ғой. Ол жақтың халқы сақтық шараларын қалай қабылдады?
– Иә, мен Испанияда болған кезде Италияда короновирустың өршіп тұрған кезі болды. Жетекшім Хуан Мария Гонсалезден Испаниядағы жағдайды сұрадым. Ол: «Бәрі жақсы. Бәрі қадағалауда. Испания халқы салауатты өмір салтын ұстанатын халық болғандықтан, тек екі-ақ жағдай болды. 91 және 90 жастағы екі адамның қайтыс болды. Вирустан қайтыс болмауы мүмкін», – деп, жайбарақат жүрді. 11 наурыз күні бүкіл әлемде пандемия деп жариялағаннан кейін паника, ажиотаж болды. Дәріханаларда маска болмады. Антисептик болмады. Бірақ көшеде маска киіп жүрген адамдардың саны аз болды. Сол кезде басқа елдің азаматтары өз елдеріне қайта бастады. Үрей болды. Адамдар бір-бірінен қорқа бастады. Мен 14 наурыз күні Барселонаға келген кезде, көшенің бәрі тым-тырыс. 15 наурыз күні әуежайға бара жатқан кезде, Барселона қаңырап қалған қала сияқты болды. Карантин деп жариялағаннан кейін, адамдар мүлдем көшеге шыққан жоқ. 1-2 иттерін серуендетіп жүрген адамдарды ғана көретінбіз. Кеше ғана өзімнің жетекшіммен сөйлестім. Ол мекемелердің юарлығы жабық тұрғанын айтты. Барлығы карантинда. Мектептер, университеттер, балабақшалар жұмыстарын тоқтатқан. Пепси сияқты үлкен зауыттардың өзі уақытша жұмыстарын тоқтатып барлығы да үйде отырғанын хабарлады.
– Қанша дегенмен бір жерден шықпау оңай емес қой. Отбасы, бала-шағаңызды сағынған боларсыз?
– Иә, әрине, отбасымды сағындым. Қатты сағындым. Бір ай балаларымсыз, жолдасымсыз өткен күндердің әрбір сағатын санап жүріп, елге келіп қуанышпен кездесемін ғой деген кезде, осындай жағдай болды. «Тәртіпке бағынған құл болмайды» дейді. Мен өзімнің жақындарымның, таныс достарымның өмірімен ойнағым келмеді. Жедел-жәрдем шақырып, ауру жұқтырмағаныма толық көзім жетпейінше, осы жерде боламын деп ойладым. Отбасымды солай сақтай алатынымды білдім. Сондықтан бірер күнде үйге шығамын деген үміттемін. Бәрі де жақсы болады. Біз біргеміз! Тәптіпке бағынайық.
Пайдалы ақпаратыңызға көп рахмет. Естеріңізге салсақ, карантиндік орталықтарда 471 адам жатыр.