«Таза» және «қауіпті» аймақ. Бүгінде коронавирус жұқтырған науқастарды емдейтін барлық ауруханалар осылай бөлінген. «Қауіпті» аймақта COVID-19-дан ем қабылдап жатқандар жатады. Дәрігерлер ол жаққа күніне бірнеше рет кіріп, науқастардың жағдайын бақылайды. Шаhар қалыпты өмірге орала бастағанымен, ақ халаттылар жұмыстарын күшейтілген кесте бойынша жалғастырып жатыр. Бүгін түсіру тобымыз бұған дейін бөтен адамның аяғы аттамаған қауіпті аймаққа барып, ондағы жағдаймен танысып қайтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 8-бөлімінде 20 науқас коронавирустан емделіп жатыр. Бүгін олар алғаш рет журналистермен кездесті.
Медициналық мекемеге кез келген адам кіре алмайды. Ішке ену үшін арнайы киім беріледі. Ал кіреберісте адамның дене қызуын өлшейтін құрылғы орнатылған. Ол бір уақытта бірнеше адамды тіркеп, дене қызуын экраннан көрсетеді. Егер барлығы дұрыс болса, кіруге рұқсат.
Талапты орындап ішке кіруге рұқсат алған соң дәрігерлердің жұмысымен таныстық.
Аурухана аумағы екі бөлінген. «Таза» және «қауіпті» аймақ. «Қауіпті» аймаққа кіру үшін арнайы қорғаныс киімін кию қажет. Оның өзіне шамамен 5-7 минут уақыт кетеді екен. Қыл өтпестей қымтанып алғаннан кейін дәрігерлер науқастар жатқан жаққа қарай бет алады. Шамамен 1 дәрігердің 20-дан астам науқасты қарап шығуына 2-3 сағат уақыт кетеді екен. Бәрін бақылап қарап шыққаннан кейін дәрігерлердің залалсыздандырудан өтеді. Содан кейін киімнің барлығы шлюздың арғы бетінде қалады. Өзі күнделікті киіммен шығады.
8-бөлім меңгерушісі Қарлығаш Абдрахманова таңғы 08.00-де жұмысқа келгеннен кейін, түнгі кезекшіліктегі мамандардан науқастар туралы ақпарат алып, өзі бақылауға кіріседі. Анықталғандай, бүгін бірнеше науқас ауруханадан шығарылады.
Жүзін көрсетпеуді өтінген азамат осыдан 10 күн бұрын осы ауруханаға түскен екен. Алдымен жолдасы ауырған, кейін кішкентай баласының дене қызуы 2 күн бойы көтеріліп осында келген. Қазір олардың жағдайы қалыпты. Оның сөзінше, алғашында мұндай дерттің барына сенбеген. Жұбайы мен баласы ауырғанда бірақ нанғанын айтады.
«Ем қабылдадық. Қазір үйге өздігінен оқшаулануға кетіп барамыз. Ауруханадан шығатынымызды естігенде қуандық. Негізі бұл қарапайым жұқпалы ауру. Денеге қалай еніп кеткенін білмей қаласыз. Сондықтан барынша сақтанған жөн. Алдын алу шараларын жиі жүргізу керек. Дәрігерлерге де алғысымыз шексіз», – деді ол.
Балалар қалалық клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 8-бөлім меңгерушісі Қарлығаш Абдрахманова 4 баланың анасы. Жолдасы мен балаларын көрмегеніне 3 айға жуық уақыт болыпты. Елде алғаш коронавируспен ауырғандар тіркеліп, төтенше жағдай жарияланғалы бері әріптестерімен бірге дертпен күресіп келеді. Бөбектерімен тек бейнебайланыс арқылы хабарласып тұрамын дейді.
Медицина қызметкерлері жатын орынмен, үш уақыт ыстық тамақпен қамтылған. Сондай-ақ, қорғаныс киімдері де бар. Айлық пен үстемақыны уақытылы алып келеміз дейді. Үйдегілер үш ай үйге келмегенімізге түсіністікпен қарайтын көрінеді.
«Президентіміздің, Денсаулық сақтау министрлігінің бұйрығымен бізді арнайы қонақ үйлерге орналастырған. Сол қонақ үй, жұмыс арқылы біз сақтық шараларын сақтаймыз», – дейді қалалық Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 8-бөлім меңгерушісі Қарлығаш Абдрахманова
Аурумен бетпе-бет келіп, күресіп жатқан дәрігерлердің өзі алғашында үрейлендік дейді. Бірақ мамандығымыз, ауырған адамды аяғынан тұрғызу болғандықтан, шегінерге жол жоқ деп, білек сыбана кірісіп кеткен. Коронавирустың белгілері: көбіне дене қызуының көтерілуі, буындардың ауыруы және тыныс алу жүйесінің қиындауы. Науқастарды емдеу арнайы бекітілген протокол бойынша жүргізіледі. Ал, ел арасында ауру жалған деген сөзге дәрігер өз жауабын берді.
«Адамдардың ойы дұрыс емес. Ол ауру бар. Ауру жоқ деген көзқарас болмауы керек. Біз сол аурудың ортасында жүргендіктен, кімде қалай өтіп жатқанын көріп жатырмыз. Сондықтан ондай ойдан арылуы керек», – дейді қалалық Балалар клиникалық жұқпалы аурулар ауруханасының 8-бөлім меңгерушісі Қарлығаш Абдрахманова
Иә, COVID-19-дың бары ақиқат. Денеге оңай кіріп, қиындықпен шығатын дерт өте қауіпті дейді ақ халаттылар. Сондықтан оған жеңіл қарамау керектігін айтады. Көп науқастар коронавирусты елемегендіктен, ауруханаға түсіп жатқан көрінеді. Қарапайым қағидаларды ұстанып, індеттің ілмегіне ілінбеудің жолын іздеген абзал дейді ақ халаттылар.
Өмір Әнуарбек, Ғани Қалуов, «Алматы» арнасы