Елордада да карантин режимі күшейтілгенін атап өту керек. Қатаңдату шаралары бүгін-ертеңге қатысты болмақ. Нұр-сұлтандықтарға көшеге себепсіз, яғни жұмыс пен дәріхана болмаса, шығуға шектеу қойылып отыр. Қалада жаяу жүруге де, жеке көлікпен қатынауға да тиым салынды. Сондықтан шаһар көшелерінде адам саны да, көліктер ағыны да аз, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Күні кеше елордалық полицейлер үндеу жасады. Дауыс зорайтқыш құралдар арқылы тұрғындарға карантиндік сақтық шаралары туралы ескертіп, түсіндірді. 20-21 маусым күндері тәртіп сақшылар ерекше тәртіпте қызмет ететін болады. Қазірдің өзінде көшелерді патрульдеу жұмысы үздіксіз жүргізілуде. Полицейлер барлық тұрғын үй орамдары мен халық көп жиналатын орындарда кезекшілік атқарып жүр. Ал қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының мамандары қала тұрғындарын өз денсаулығына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
«Қалада 1 миллион 200 мың адам тұрады. Өкінішке қарай, әлі күнге дейін халықтың басым бөлігі коронавируске салғырт қарайды. Егер шаһар тұрғындары дәл қазіргідей жауапсыздық танытатын болса, біздің дәрігерлер мен ауруханалардағы орындар бәріне жетпейді! Халыққа дер кезінде медициналық көмек көрсете алмаймыз! Сақтық шараларын уақытылы қолданбасаңыздар, оқшауланып, үйде отырмасаңыздар өте ауыр жағдай туындайын деп тұр», – деді қалалық Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәуле Кисикова.
Инфекционист мамандар да дабыл қағуда. Олардың айтуынша, карантин тәртібі жеңілдетілгеннен кейін дерт дендей түскен. Сондықтан шектеу шараларында көрсетілген жасы 65-тен асқан тұрғындардың далаға шықпау талабын баса орындаған жөн дейді.
«Қала тұрғындарының карантиндік шараларды ұстанбай жатқанын көріп отырмыз. Әсіресе үлкен кісілер денсаулығына мән бермейді. Вирустың ерекшелігі, кейде науқаста дене қызуы болмайды. Тек жөтел мен әлсіздік байқалады. Сондықтан вирус өкпеге өткенде, оның бар-жоғын ПТР-тестпен анықтау мүмкін емес. Себебі пневмонияға ұласады. Сондықтан қарттар үйден шықпасын дейміз. Себебі иммунитеті әлсіз, оған қоса түрлі қосалқы аурулары бар», – деді ҚР жетекші инфекционисті Динагүл Баешева.
Қалада қоғамдық көліктердің жұмысы тоқтатылған. Аялдамалар бос. Көшеде бірең-сараң адамды ғана кезіктіруге болады.
Блиц:
– Жұмыстан үйге бара жатырмын. Мына бизнес орталығында жұмыс істеймін. Үйім ана жерде.
– Біз пойызға бара жатырмыз.
Жабық азық-түлік және зат сататын базарлар жұмыс істемейді. Мейрамханалар мен дәмханалардың басым бөлігі де жұмысын тоқтатқан. Сондықтан болар үйге тамақ жеткізушілердің тірлігі қыза түскен. Курьер болып істейтін Дәурен Асқар бүгін тапсырыстарының артқанын айтады.
«Елордада фитнес-орталықтар, спорт кешендері мен бассейндер, сұлулық салондары, қоғамдық моншалар жұмыс істемейді. Техникалық қызмет көрсету, автожуу орталықтары да қызмет көрсетпей жатыр», – деді курьер Дәурен Асқар.
Саябақтар мен скверлерде де адам қарасы көрінбейді. Олардың сыртына ескертулері бар мынадай қоршаулар қойылған. Карантиннің қосымша шектеу шаралары елордада барынша сақталуда. Десе де, инфекционист мамандар мен эпидемиологтар дерттің дендеп жатқанын айтады. Өңір әкімдері болса, халықты ПТР-тестілеумен қамтамасыз етуі қажет дегенді алға тартады.
Салтанат Нысанбек, «Алматы» арнасы