Жаңа штаммдар әдеттегі COVID-19-дан әлдеқайда қауіпті

Жаңа штаммдар әдеттегі COVID-19-дан әлдеқайда қауіпті
Ошағы Қытайдың Ухань қаласынан басталған коронавирустың әлем бойынша 12 мыңнан астам мутациясы анықталды
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Ошағы Қытайдың Ухань қаласынан басталған коронавирустың әлем бойынша 12 мыңнан астам мутациясы анықталды. Осы орайда ғалымдар жаңа штаммдар әдеттегі COVID-19 түрінен әлдеқайда қауіпті деп дабыл қағуда. Ал, Англиядан табылған «британдық коронавирус штамы» бүгінде көршілес Ресейге де келіп жеткен.  Вирус қалай мутацияланады? Қайтсек оның алдын аламыз? Almaty.tvтілшісі Сымбат Ноғай айтады.

Германияның оңтүстігінде коронавирустың жаңа мутациясы табылды. Жергілікті ресми органдардың мәліметінше, пациенттердің сынамалары Берлинге жіберіліп, оның жаңа штамм екені расталған. Одан өзге, әлемде COVID-19-дың «британдық штамм» таралуда. Ғалымдардың айтуынша, ол әдеттегі індеттен 30 пайызға қауіптірек. Жаңа штамм алғаш рет қыркүйек айында Кент округінде табылған. Содан бері Англия мен Солтүстік Ирландияны жайлап кетті. Сондай-ақ, осы уақытқа дейін 60 мемлекетке тарап үлгерген.

«Біз вирустың бразилиялық түрінің елімізге енуін тоқтату үшін маңызды қадамдар жасап жатырмыз. Оңтүстік Африка штаммының таралуын тоқтату үшін шаралар қабылдадық. Француздар да Кентте анықталған штаммның енуін тоқтату үшін қолынан келгенін жасап жатыр. Қазір көптеген елдерде қатаң режим енгізілген», –  деді Ұлыбританияның премьер-министрі Борис Джонсон.

Қарапайымдылығына байланысты вирустар үнемі мутацияланып отырады дейді мамандар. Бұл олардың өмір сүру тәсілі. COVID-19-да әу бастағы SARS-CoV-2 коронавирусының өзгерген түрі. Жануардан адамға секіру арқылы бұл вирус түрі даму жолында үлкен серпіліс жасаған. Ал, коронавирустың соңғы пайда болған түрлері өте үлкен жылдамдықпен таралады дейді вирусологтар.  

«Қазір вирустың жаңа түрлері бар екенін білеміз. Осы бір жыл бойы да коронавирус штамы өзгеріп отырды. Алайда соңғы анықталған түрлері тез жұққыш қасиетке ие. Сондықтан індеттің таралу аймақтары көбеюі мүмкін», – деді вирусолог Әсел Мұсабекова.

Алматыда COVID-19-дан басқа коронавирустың мутациялары әлі анықталмаған. Дегенмен қаланың бас санитары Жандарбек Бекшин шетелден келетін кейбір алматылықтар ПТР-тест тапсырауға бейжай қарайтынын айтып отыр. Бұл барлық қала тұрғындарына үлкен қауіп төндіреді дейді ол.

«Шетелден қайтатын тұрғындардың шамамен 90 пайызы ержеге сай ПТР-тестінің теріс сынамасын көрсететін анықтамамен келеді. Ал қалған бөлігі, өкінішке қарай, қаражатын үнемдеу үшін тест тапсырмайды», – деді қалалық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Жандарбек Бекшин.

Мамандардың айтуынша, «қызыл» аймақФқа енген Алматы үшін барлық карантин талаптарын сақтау маңызды. Әсіресе, мутацияланған вирусқа жол бермеу үшін халықаралық және ішкі әуе қатынастарын шектеу қажет дейді олар.

«Коронавирустың жаңа түрінің елімізге кіріп, шапшаң жайылып кету қаупі бар. Бұл індет айына шамамен 2 рет мутацияланады. Сондай-ақ, әлдеқайда агрессивті болуы мүмкін. Сол үшін әуе қатынасын мұқият бақылап, мониторинг жасау шараларын күшейту керек», – деді Қазақстан профилактикалық медицина академиясының президенті Алмаз Шарман.

Ғалымдардың айтуынша, коронавирус үш жағдайда мутацияға ұшырауы мүмкін: көбею кезінде, басқа вирустармен әрекеттескенде және ағзаның иммунитетіне байланысты. Осы орайда мамандар халықты бар карантин талаптарын қатаң сақтауға шақырады.

Сымбат Ноғай, «Алматы» телеарнасы

Новости партнеров