Алматылық дәрігерлер өкпесінің 70 пайызы зақымданған 95 жастағы әжейді аман алып қалды. Әу баста ауруханаға ауыр хәлде түскен зейнеткер сырқатынан құлан-таза айығып, бүгін ауруханадан шықты. Онымен қоса, кейуананың жақындарынан да індет анықталып, бүтін бір отбасы орталық қалалық клиникалық ауруханасына ауыр халде жедел жәрдеммен жеткізілген. Жанұямен Almaty.tv тілшісі Сымбат Ноғай тілдесіп қайтты.
Анна Пак коронавирус жұқтырып, 22 наурызда екіжақты пневмониямен ауруханаға түскен. Жағдайының ауырлығына байланысты, дәрігерлер әжейді бірден жансақтау бөліміне жатқызып, шұғыл емдеу шараларын қолға алды. Сондай-ақ, қарияның созылмалы аурулары да ем-домға кедергі келтіріпті. Дәрігерлердің сөзінше, қарияға қосымша қан құюға тура келген.
«Өзі 96-95-те болғаннан кейін жағдай да жасына байланысты ауыр деп есептелді. Одан кейін оның қосымша аурулары да бар. Кәрілік, гипертониялық ауру деген. Содан кейін жүрек ауыратыны бар. Жасына байланысты біраз өзгерістері бар», – деді орталық қалалық клиникалық ауруханасының дәрігері Ғалымжан Пірмағанбетов.
Өзін ажалдан арашалап қалған білікті дәрігерлердің еңбегіне қарияның алғысы шексіз. Отбасы мүшелері де аурухана ұжымына ризашылығын білдірді.
«Міне, мен, жұбайым және анамызбен ауруханада жатып шықтық. Қазір жағдайымыз жақсы. Барлық медицина мамандарына алғысымыз шексіз. Анамыз үшін қатты уайымдадық. Бүгін үйге шығып жатырмыз», – деді әжейдің қызы Галина Тё.
Дәрігерлердің айтуынша, соңғы кездері ауруханаға коронавируспен отбасы болып түсу жиілеп кеткен. Ал, инфекционист мамандар қала халқына, әсіресе, қауіп-қатер тобына жатататын тұрғындарға дереу вакцина салдыруға кеңес береді. Себебі коронавирус созылмалы ауруы бар жандардың кеселін тез асқындырады.
«Бірінші кезекте кез келген созылмалы ауруы бар жандарға, әсіресе, иммундық тапшылығы бар адамдар вакцина салдыруы керек. Себебі олар қауіп-қатер тобына жатады. Вакцинаның реактогенділігі өте төмен. Егер бұл топ екпе алмаса, коронавирус инфекциясы өзге ауруларды қоздырып, ағзаға үлкен зиян келтіреді», – деді медицина ғылымдарының докторы, иммунолог Гаухар Құрманова.
Айта кетейін, бүгінде орталық қалалық клиникалық ауруханасында коронавирус жұқтырған 400-ден аса науқас емделіп жатыр. Олардың 40 пайызы зейнеткерлер.
Сымбат Ноғай, Әрсен Сандыбаев, Мұрат Тайжанов, «Алматы» телеарнасы