Бұдан былай Алматыға Семей мен Өскемен қаласынан келетіндер үшін COVID-19-бен ауырмайтыны туралы анықтаманың болуы шарт. Бұрын мұндай тәртіп, тек шет елден келген жолаушылардан талап етілетін еді. Енді еліміз ішінде де енгізіліп жатыр. Мамандар Шығыс қазақстанда эпидахуалдың өршіп тұрғаны себепті осындай қадамға барған. Бұдан бөлек, әуежай мен вокзалдар қауіпті кеселдің екінші толқынына қалай дайындалып жатыр? Almaty.tv тілшісі Ұлағат Арғын көріп қайтты.
Темір жол бекеттерінде санитарлық талаптардың сақталуы аса маңызды. Себебі жолаушылардың басым бөлігі басқа қалаларға баруы үшін транспорттың осы түрін көп қолданады. Бекет ішінде айнала ақпараттық хабарламаларға толы. Әр 30 минут сайын жолаушыларға дыбыс ұлғайтқышпен карантин шаралары айтылып отырады.
Поездағы жолаушыдан дене қызуы көтерілгені анықталса, оны көпшіліктің арасына кіргізбей, медициналық пунктке алып келеді. Бұл жерде арнайы оқшаулау бөлмесі бар. Осы пункттің арнайы бөлек есігі де бар. Осы жерге жедел-жәрдем көлігі келіп, науқасты бірден инфекциялық ауруханаға жеткізеді.
Бекет жанындағы медициналық бөлімшеде дәрігерлер тәулік бойы қызмет етеді. Мұнда науқасқа алғашқы көмек көрсету үшін төсек орын мен дәрі-дәрмек қарастырылған.
«Бүгінде қазіргі жағдайға байланысты поездардың жүру кестесі қысқартылды. Бұрын маусым кезінде 21 пойыз жүрсе, қазір 12 пойыз қатынайды. Тәулігіне бұрын 5-6 мың жолаушы қатынса, қазір 2-3 мың жолаушы келеп-кетеді», – деді қалалық Көліктегі санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Айман Жақанбаева.
Індет басталғалы вокзалға кіре берісте жолаушылардың билеттерін тексеретін қызметкерлердің жұмыстарына тағы бір міндет қосылған. Олар жүк-багаждарды өткізумен бірге жолаушылардың дене қызуын тексеріп, бетпердесінің болуын қадағалайды.
БЛИЦ:
- Менің анам дәрігер, сондықтан сақтық шараларын сақтауды ол қатаң қадағалайды. Ұстанамыз.
- Қазір адамның көбі маска тақпайтын сияқты. Мына жерде қадағалайтын адам үшін киіп келеді де, автобусқа барса шешіп тастайды.
Ал, әуежайға кіре берісте адамның дене қызуын автоматты түрде өлшейтін құрылғы қойылыпты. Арнайы бейнебақылау арқылы жазылып жатқан бұл дерек біраз уақытқа дейін де сақталады. 6 қазаннан бастап Алматыға шет елден 264 рейс келген. Нәтижесінде 34 жолаушыдан коронавирус анықталыпты.
Бұл халықаралық бағыттағы рейстерді қабылдайтын орын. Мұндай арнайы екі есік қарастырылған. Оң жақтағы есіктен ПТР-анықтамасы бар жолаушылар қалаға еркін кіре алса, анықтамасы жоқ жолаушылар сол жақтағы есікке топтастыралады. Артқы есіктен оларды арнайы автобус күтіп алып, карантинге жабады.
Алматыға ішкі рейстер күндіз, ал шет елден келетіндердің көбі түнде қонады. Кесте солай жасалған. Бұл қауіпті кеселдің алдын алу үшін ойластырылған дейді мамандар.
«Егерде шет елден келген азамттардан ПТР-тест болмаған жағдайда олар қонақжайға жеткізіледі. Содан кейін олардан тест алынады. Олардан теріс нәтиже алған жағдайда олар үйіне жіберіледі. Ал, оң нәтиже болса, ауруханаға жатқызылады», – деді қалалық Көліктегі санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының басшысы Нұрлан Доғалбаев.
Бұдан бөлек, әуежайдың 2-қабатында COVID-19-ға ПТР-тесттін тапсыратын бөлме де жұмыс істеп тұр. Шет елге шығатын жолаушы ұшаққа отырмас бұрын, осында тест тапсыра алады. Ол өзге елге жетем дегенше анализ нәтжиесі дайын болады екен. Айта кетейік, тест электронды поштасына жіберіледі.