Cәуір айының соңына дейін «Ashyq» қосымшасы барлық өңірде іске қосылады, деп хабарлайды Almaty.tv.
Бұл туралы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов айтты. Оның сөзінше, «Ashyq» қосымшасын осы уақытқа дейін 235 мың қолданушы жүктеп алған. Аталған жобаға 619 кәсіпкерлік нысаны қатысып жатыр. Соңғы бір аптада қоғамдық орындарда «қызыл» мәртебесі бар, яғни вирус жұқтырған 213 адам анықталған.
«Жобаны мақсаты – бизнес нысандарында қауіпсіз орта қалыптастыру. Вирус жұқтырмаған адамдар бұрынғыдай еркін өмір салтын ұстану үшін жасалып отыр. ПТР-тесті ауру көрсетпеген адамдар жоғарыда аталған нысандарға кедергісіз кіре алатын болады. Қосымшаның арқасында азаматтар өз барғысы келетін нысанның қауіпсіз екенін, онда аурудан ада орта бар екенін нақты біле алады. Бұл арқылы кәсіпкерлерге де өз ісін жалғастыруға мүмкіндік беруге болады», – деді ҚР цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі вице-министрі Әсет Тұрысов.