Алматыда О. Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына арналған ғылыми конференция өтіп жатыр

baigenews.kz
baigenews.kz
Конференцияның мақсаты Олжас Сүлейменовтің өміріндегі әдеби, ғылыми және қоғамдық-саяси идеялар мен құндылықтарды түсіну және зерттеу
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігі ЮНЕСКО қамқорлығындағы Халықаралық мәдениеттерді жақындастыру орталығы «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы» аясында  Алматы қаласының Әкімдігімен бірлесе отырып Олжас Омарұлы Сүлейменовтің 85 жылдық мерейтойына орай «Танып – біліп өзімізді өзгеден, біз көшеміз өзімізге бет алып: Олжас және мәдениеттерді жақындастыру» атты халықаралық ғылыми конференция өткізеді, деп хабарлайды Almaty.tv. 

Олжас Сүлейменов – XX-XXI ғасырлардағы аса көрнекті ақын, бүкіл әлемге өзінің поэзиясымен ғана емес, қоғамдық-саями қызметімен де танымал тұлға.  

Олжас Сүлейменовтің поэзиясы-әдебиеттің таңғажайып феномені. Ақынның өмірбаяны мен өміршеңдігі авангард поэтикасын, дала мотивтері мен техногендік дәуірдің космизмін, мәдениеттердің диалогы мен диалектикасын – біріктіреді. Олжас Сүлейменовтің өлеңдері мен поэмалары ағылшын, француз, неміс, испан, чех, поляк, словак, болгар, венгр, моңғол, қырғыз, түрік және басқа да тілдерге аударылған.

Оның «Аз и Я» (1975 ж.), «Язык письма» (1998 ж.), «Тюрки доистории» (2001 ж.), «Код слова» (2014 ж.), «Введение в этимологию» (2019 ж.) және басқалары этимология, мәдениеттану және палеолингвистика аралық әсері арқылы адамзат эволюциясының кең қабаттарын зерттеудегі құпияларын ашады. Оның еңбектері бірегей пәнаралық жалпылауға жатады және этимологиялық зерттеулердің жаңа әдіснамасын ұсына отырып, өзіндік идеяларымен ерекшеленеді. Олжас Сүлейменов ежелгі дәуірден қазіргі заманға дейінгі мәдениеттердің бірлігі, диалогы және жақындасуы тарихын дәлелдейтін әлем тілдеріндегі базалық архетиптер мен мәдениаралық әмбебаптықтарды зерттейді.

Олжас Сүлейменов 1989 жылы Халықаралық «Невада-Семей» антиядролық қозғалысын құрды.Қозғалыс әлемде алғаш рет Халықтық және парламенттік дипломатияның өзара іс-қимылының жаңа моделін қолдана отырып, өзінің жойқын күші бойынша әлемдегі төртінші ядролық әлеуетті жойып, жалпыға ортақ ядролық қарусыздануға алғашқы нақты қадам жасап табысқа жетті. Нәтижесінде бес ядролық полигон: Семей, Жаңа жер полигондары, Муруроа атоллесі, Лобнор және Невада өз қызметтерін тоқтатып  олардың барлығына мораторий жарияланды.

Олжас Сүлейменов адамзатқа төнетін апаттан құтқарудың бір жолы, бұл мәдениет екенін айғақтайды. ЮНЕСКО – да қызмет атқарған жылдарында 2006 жылды – бүкіл әлемдік планетарлық сана жылы, 2010 жылды – мәдениеттерді жақындастыру жылы, 2013-2022 жылдарды «Мәдениеттерді жақындастырудың халықаралық онжылдығы»  деп жариялауға бастамашы болды.

Ғылыми конференцияда Олжас Сүлейменов, ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлова, Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев,  ҚР Жазушылар Одағының төрағасы Ұлықбек Есдәулет және басқа елдің танымал ғалымдары мен қоғам қайраткерлері сөз сөйлейді.

Новости партнеров