«Мен ояндым» челленджінде отыз жасқа келгенше үйсіз жүргенін айтқан актриса Айсұлу Әзімбаева зәулім үйде тұратын болып шықты, деп хабарлайды SN.kz.
Алайда, желі қолданушылары актрисаны өзі емес, көптеген қатар құрбыларының атынан айтқан шығар деп, ақтап алып жатыр.
Оған А.Әзімбаеваның көпқабатты үйінде қонақ қабылдап жатқан видеосының желіде таралып кеткені себеп болған. Онда Айсұлу кең сарайдай баспанада қымбат әшекейлерін көрсетіп мақтанып жүргендей әсер қалдырады. Сонымен қатар бейнежазбада актриса өзінің бизнесі туралы да айтып береді.
«Мен ояндым» челленджінің қарсыластары «Айсұлу Әзімбаеваның құйтырқы әрекетін әшкереледік» деп желіге таратып жіберсе керек, бірақ интернет пайдаланушыларының дені актрисаны жақтап шықты.
«Ол өзінің емес, көпшілік атынан сөйледі. Айсұлу – шығармашылық адамы, тек актриса ретінде рөл ойнап берді, бірақ айтқанының барлығы дұрыс», «Қазақстанда отыз жасқа келгенше баспанасыз жүргендер аз ба?», «Актриса дұрыс айтты, елде пәтер жағалап жүрген жастар көп» деген сарындағы пікірлер толастамай жатыр.
Сәлден соң Айсұлудың жауап ретінде түсірген видеосы тарады. Онда кино жұлдызы «әшкере видеодағы» зәулім үйдің өзінікі емес, ата-анасыныкі екенін, сонымен бірге танымал адам ретінде мол қаражат тапқанымен, үй алуға мүмкіндігі болмай жүргенін жеткізді.
Актриса бірнеше бизнес жобада үлескер екенін де жасырмады. Сонымен қатар ол видеода тек өзінің жеке басындағы мәселені емес, көпшіліктің жайын сөз қылғанын да тілге тиек етті.