|
04.03.2020 | 12:37
1979

Жаңа жанрдағы кинотуындының тұсаукесері өтті

«Жаным, ты не поверишь!» фильмі көрерменге жол тартты

Жаңа жанрдағы кинотуындының тұсаукесері өтті mirkinohd.ru

Күрделі грим, каскадерлық трюк пен әсерлі спецэффекттер. Алматыда «Жаным, ты не поверишь!» фильмінің тұсауы кесілді, дейді Almaty.tv тілішісі. 

Қара комедия жанрындағы туынды достық жайлы. Жеке қаражатқа түсірілген фильмді дайындауға 1 жыл уақыт кеткен. Жаңа жанрдағы кинотуындының басты рөлдерін танымал актерлер сомдайды. Тақырыпты көрерменге жол тартқан фильмнің алдын ала көрсетіліміне барып қайтқан тілші тарқатады.

Фильм сюжеті отбасындағы ұрыстан басталады. Жұмыстағы қиындық, төленбей жатқан несие, күнделікті күйбің түрлік, осының бәрінен қашпақ болған отағасы достарымен бірге жаңа оқиғаға кез болады. Сол сәтте басты рөлдегі кейіпкер өмірге деген көзқарасын өзгертеді.

«Оқиғаның қызған кезі достардың балық аулауға барғанынан басталады. Жүкті әйелінің күйгелектігінен мезі болған ер адам осылайша проблемалардан қашып құтылмақ болады. Бірақ бұлардың демалыста тап болған жағдайы жігіттердің өмірге деген көзқарасын түбегейлі өзгертеді», – деді актер Дания АЛШЫНОВ.

Фильмге бірнеше адам продюсерлік етті. Солардың бірі  Жандос Айбасов  бұл жобаны жасау оңайға түспегендігін айтады. Ернар Нұрғалиев, Азамат Дулатов және Тимур Шевченкомен бірлесе қолға алған туындыға 60 млн теңге қаражат кеткен. Мұндай қаражатқа кино түсіру біршама қиындықтар туғызды дейді продюсер.

«Түсірілім барысында қиындық болады, бірақ өзіңе қызық болғаннан кейін, жұмысыңды жақсы көргендіктен, оның бәрін шешіп, тырысасың. Оңай да болған жоқ, қиын да болған жоқ. Бірақ қызықты болды. Өйткені бұл біздің продюсерлік алғашқы жобамыз», – деді продюсер Жандос АЙБАСОВ.

Фильм бар-жоғы 17 күнде түсіріліпті. Оның 3 күні Алматыда, қалғаны Шелекте түсірілген. Басты рөлдердегі актерлерді де фильм режиссері әркімнің әлеуетіне қарай өзі таңдаған.

«Мен аяғы ауыр келіншектің рөлін сомдаймын. Жүктілік кезінде әйел адам күйгелек келеді ғой. Әр нәрсеге ашуланып, шыдамсыздық танытады. Міне, осындай бір долы әйелдің рөлін ойнадым. Бұған күйеуі шыдамай, достарымен балық аулауға қашып кетеді. Нағыз оқиға сол жерде басталады», – деді актриса Әсел ҚАЛИЕВА

Фильм ертеңнен бастап көрерменге жол тартады. Жаңа туындыны қаланың барлық кинотеатрларынан тамашалауға болады.

Сая Меңдеке, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир