Жасындай жарқ еткен ғұмыр. С. Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетінде Ратай Сұлтанбековтің құрметіне ескерткіш тақта орнатылды, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Жас батыр 1939 жылы дәл осы оқу орнында білім алып жүргенде соғысқа аттанады. Сұрапыл майданда 20 жастағы боздақ батальон командирі, гвардия майоры шеніне ие болып, ауыр шайқастарға қатысады. 1945 жылы соғыста ерлікпен қаза табады.
Бүгінде қыршынынан қиылған өренді еске алуға жиылған туыстары батырдың рухына тағзым етіп, оның есімі тарихта өшпейді дегенді алға тартты.
«Ағамызды ұлықтап жатырмыз. Ұлықтайтындай жөні бар. 20-дан жаңа асып, 21-ге қараған жасында батальон басқарды. Халық жазушысы Әбу Сәрсенбаев бұл кісінің қасында болған, майданда бірге соғысқа қатысқан. Сол кісінің біраз дерегі бойынша мағлұмат алдық. Дегенмен әлі де жұмыстар атқарылып жатыр. Ағамыздың рухы, әруағы әр уақытта қолдап жүрсін!», – дейді Р. Сұлтанбековтің немере інісі Кенішбек Сұлтанбеков.