|
09.04.2024 | 14:47
248

Жертөледегі мұражай: Шымкенттік келіншек үйдің ауласын да ою-өрнекпен көмкерген

Жер астындағы мұражайда XVIII ғасырға тиесілі жәдігер бар

Жертөледегі мұражай: Шымкенттік келіншек үйдің ауласын да ою-өрнекпен көмкерген Almaty.tv

Шымкентте жер асты мұражайы бар. Кем дегенде үш ғасырлық тарихты қойнауына көмген көненің көзін бір ғана адам жинаған. Қазір келіншектің коллекциясында мыңнан аса кілем тұр. Ұлттық қолөнерді өмір мәніне айналдырған әйел қазақы нақышты аулаға да енгізген, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бұл – Шымкенттегі көпқабатты ауланың бірі. Бірақ бұл жерден өткен адам жай кете алмайды. Әдеттегідей емес, көлік қоятын тұрақтың бәрі тұскиіз ілінгендей көздің жауын алады. Ойын алаңдары ою-өрнекпен көмкеріліп, үй есігіне кілем жайылғандай көрініс. Ал мұндай сұлулықтың авторы өзге емес, осы ауланың тұрғыны Дана Бектаева. Жан-жағын жалғыз өзі әсемдеген әйел жақында ғана ауланың жертөлесінен мұражай ашқан.

– Шет елден кілем алмаймын. Менде екі кілем бар, XVIII-XIX ғасырдағы қазақтың кілемі. Қазіргі кілемдермен салыстыру үшін біреуін Америкадан, екіншісін Түркиядан алып келдім, – деді қала тұрғыны Дана Бектаева.

Дана Бектаеваның тарихи бұйым жинай бастағанына 6 жылдан асыпты. Оның коллекциясында мыңнан аса кілем бар. Еліміздің әр түкпірінен жиналған жәдігерлердің әрісі XVIII ғасырға тиесілі.

Айта кетейік, мұражайда сандықтың да сан түрі бар. Тарихқа қызығып келген жұрт мұндағы әр бұрышты асқан ыждаһаттылықпен қарайтын көрінеді.

– Бұл жерді бұрыннан білеміз. Өйткені Данаға келіп біз кеңес алып жүрдік. Мақсатымыз – ерекше балалардың ата-анасына арнап цех ашып жатырмыз. Ол жерде кілемдер тоқылады. Ата-аналар көңіл күйі жақсарады деп ойлаймыз, – деді Шымкент қаласының тұрғыны Фарида Бакибаева.

Жер астындағы мұражайда жүзден аса бұйым бар. Оның 50 шақтысы кілем түрлері болса, 30-дан астамы сандық. Ал қалғаны өткен ғасырлардан сақталып келе жатқан қобыз, дастархан, көрпеше мен келі. Кейіпкердің мақсат – экспонат санын арттырып, ұлттық сипаттағы құнды жәдігерді көбейту.

Назерке Үкібасова, Ильдар Жунусканов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Дала кескіндемесі: Астанада ұлттық музейдің 10 жылдығына орай көрме ашылды

Біздің Telegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.
Новости партнеров
След. →
Прямой эфир