Ел мәдениеті мен әдебиетіне айрықша көңіл бөлінуі керек – зиялы қауым

Almaty.tv
Almaty.tv
Қаламгер қауым қоғамда мәртебе қалыптастыру және баспа ісін жолға қою ісін талқылады
Жаңалықтармен бөлісіңіз

«Елдің мәдениеті мен әдебиетіне айрықша көңіл бөлінуі керек». Бүгін осы мәселені талқыға салған қаламгер қауым қоғамда мәртебе қалыптастыру және баспа ісін жолға қою ісін талқылады, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Бізде қалам ұстаған қауымның абырой-беделі, ресми қызметі заңмен бекітілмеген. Тек ақын-жазушы емес, биші, күйші, жыршы, мәдениет мамандарының статусын қалыптастыру – бүгінгінің басты мәселесі. Әлем елдеріндегі заңнамаларды мысалға келтіре отырып, сөз алған Мәжіліс депутаты Абзал Құспан «Аталған түйін тарқауы үшін сауатты, нақты негізі бар, жан-жақты қамтылған құжат қажет» дейді.

– Қазақ халқының фольклоры ешбір халықтан бай болмаса, кем емес. Бірақ бірде-бір заңда фольклор туралы анықтама да жоқ. Мен фольклордың не екенін Қазақ Кеңес энциклопедиясынан ғана тауып отырмын, – деді Абзал Құспан.

Елдің Мәдениет және спорт министрлігі театр мен концерт ұйымдарының репертуарында шетелдік авторлардың шығармасы басым екенін мойындаған еді. Бұл жарияланым аталған ведомствоның 2023-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасында болған. Дегенмен дәл осы концепцияның өзі аталған мәдени мәселені есепке алмапты.

– Ұсыныс көп. Бірақ бәрібір заңға бағыну керек. Заң болмай, ешнәрсе болмайды. Біздің мәдениет туралы заңымызда мәдениет туралы ешқандай сөз жоқ. Әр нәрсенің статусы бекітілуі керек. Баспаның, жазушылардың құқығы «Мәдениет туралы» заңда көрініс таппаса, бос сөз болып қалады, – деді жазушы Дулат Исабеков.  

Мұндағы түйткіл тек жазушылардың жайы емес. Қазақтың күйі, суретшілігі мен жырау-жыршылық өнері, баспа ісі мен тираж жайы да кенжелеп келеді. Қордаланған мәселе би төңірегінде де көп.

– Балет, классика өнеріндегі бишілер жасы келген кезде билеуге жарамайды. Өте қиын, физикалық өнер болып саналады. Сондықтан да 38-40 жасында, 20 жыл өтілімен заңды түрде зейнетке шығару керек, – деді  биші, ҚР Мәдениет қайраткері Перизат Омарбекова.

Жиында бас қосқан әр өнердің өкілі заңгер-депутатты саладағы күрмеуі көп жайттан хабардар етті. Ақылдаса келе айтылған ұсыныс нақты жобаның жасалуына әсер етуі керек.

Еске салайық, бұған дейін ел Президентінің өзі мәдениеттегі саясатты жан-жақты ойластырып жүргізу керегін тапсырған еді.

Мадина Оқас, Ғани Қалуов, «Алматы» телеарнасы

Оқи отырыңыз: Алматыда еңбегі сіңген спорт қайраткерлері марапатталды

Новости партнеров