«Құс – ауға, балық торға кездесті ғой. Тағдырдың жазуына жоқ қой шара». Бұл тармақтар алаш қайраткері, ғалым, драматург, жазушы Қошмұхамбет Кемеңгер абақтыда отырып, қасірет шеккендегі жазған хаттарында жазылған. 1930 жылы тұтқындалып 7 жыл түрмеде азапталған қайраткер ұлт әдебиетіне, руханиятына айрықша үлес қосқан. Ал жанұясы қудаланып, ақталғанға дейін «тіріге» санап күдер үзбей күткен екен. Құнды естеліктерді Қошмұхамбет Кемеңгер немересі Almaty.tv тілшісі айтып берді.
Гүлнәр Кемеңгерова репрессия жылдарын күрсіне еске алды. Оның сөзінше, атасы Қошмұхамбет Кемеңгер 1930 жылы тұтқындалған. «Кеңес өкіметіне қарсы әрекет жасаушы» деген жаламен Ташкентте ұсталып Алматыдағы түрмеде екі жыл отырады. 1932 жылдың 20 сәуірінде тағы 5 жылға бас бостандығынан айырылып Украинаға жер аударылыпты. Артынша жары Гүлсім мен екі қызын жанына шақырып алып, жалғыз ұлын ұрпағын сақтап қалу үшін Нарманбетті туыстарына қалдырып кеткен екен. Оққа ұшарының алдында жары Гүлсімге түс көргенін айтыпты.
«Әжемнің айтуынша, атам түсінде бір ескі үйді көреді. Сол ескі үйге кірсе үш жарық көрінеді. «Гүлеке, үш жарық мынау менің балаларым. Мені әкететін шығар. Сен қаласың, аманат саған үш балам» деген. Содан кейін 7 тамызда ұсталып, 21 қарашада Омбы қаласында атылған», – деді Қошмұхамбет Кемеңгер немересі Гүлнәр КЕМЕҢГЕРОВА.
Гүлнәр апа Омбыда тергеушілер қайраткердің жеке заттарын тәркілеген кезде үйінен бума-бума кітап жатқанын көріп, таңқалғанын айтады. Немересінің сөзінше, дәл осы кезде Қошке Кемеңгер өз үзеңгілестері туралы жазылған романды бітірген кезі еді дейді. Бірақ құнды шығармалары НКВД қармағына ілініп, сол күйі жойылып кетеді. Гүлнәр апа Қошке Дүйсебайұлы тұңғыш қазақ пьесасының мәтінін жазған, Пушкиннің «Пророк» өлеңін тұңғыш аударған, алғаш рет қазақ-орыс сөздігін құрастырған да менің атам дейді.
«20 жылдары Ахмет Байтұрсынов «Учебник казахского языка для русскоязычного населения» деген конкурс жариялайды. Атамызға сол оқулықты жазып бересің деп жүктейді. 27-28 жылдары Ташкент пен Қызылордада басылып шығады», – деді Қошмұхамбет Кемеңгер немересі Гүлнәр КЕМЕҢГЕРОВА.
Қайраткер атылғаннан кейін жақындары да қыспақ көреді. Тіпті жұбайы Гүлсім анамызға жала жабылып, 1942 жылы ол да түрмеге қамалып, онда 5 жыл отырып шығады. Қошке Кемеңгер 1957 жылы ақталады. Бірақ туыстары оны келеді деп күдер үзбей күткен екен.
«20 жыл бойы атамыз тірі деп ойладық. Мен әлі есімде кішкентаймын ғой. Аталарың келе жатыр деген адамдардың сүйінші сұрағаны, анамның сүйіншіге орамал бергені есімде қалыпты», – деді Қошмұхамбет Кемеңгер немересі Гүлнәр КЕМЕҢГЕРОВА.
Қошмұхамбет Кемеңгерден бір ұл, екі қыз тараған. Одан бүгінде 11 немере бар. Қазір ұлы тұлғаның отбасы үлкен әулетке айналған. Ал, арда азаматтың сүйегі қайда жерленгені әлі беймәлім.
Назкен Еркін, Мұрат Тайжанов, «Алматы» арнасы