Алматыда «Сұлубайдың әні» кітабы төрт тілде жарық көрді

Алматыда «Сұлубайдың әні» кітабы төрт тілде жарық көрді
Аталған поэма Қытай қазақтарының өмірінен сыр шертеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматыда ақын, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Ғалым Жайлыбайдың «Сұлубайдың әні» атты кітабының тұсаукесері өтті. Аталмыш поэма «Ер-Жәнібек» қоғамдық қорының ұйымдастыруымен Оспан батырдың 120 жылдық мерейтойы аясында жазылған деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

8 бөлімнен тұратын шығарма қазақ, ағылшын, орыс және түрік тілдерінде жарияланып отыр. Онда Өр Алтайда Оспан батырдың ұлт-азаттық көтерілісінде мерт болған Сұлубай Сапыұлының өмірін айта отырып, бүгінгі Қытай қазақтарының арман, үміттері поэтикалық тілмен көркем жеткізілген.

Бұл кітап – батыр Сұлубайдың рухына қойылған ескерткіш қана емес, сол елдегі қандастардың бүгінгі жай-күйіне алаңдап, көңілден ақтарылған сыр деп баға берді қаламгерлер.

«Сұлубайдың әні дегеніміз – халықтың әні, Сұлубайдың әні дегеніміз – батырдың әні, Сұлубайдың әні дегеніміз – қазақтың әні, Сұлубайдың әні дегеніміз – қазақтың руханияты. Өлмейтін, өшпейтін, бұдан кейінгі ғасырларға жалғаса беретін мынау «Ұлы даланың жеті қырына» байланысты жаңғырып жатқан үлкен іс-шараның бірінде ұрпақтардың рухын көтеретін тамаша дүние деп қараймын», - дейді жазушы, этнограф Болат БОПАЙ.

«Сұлубайдың өлеңінде айтады: «Қайқая шапқан қарагер, Қайрыла ма екен қайран ел...» деп. Сол жағдай қайтадан айналып, бүгінгі күннің үлкен тақырыбына айналып тұр. Әлем қауымдастықтары назар аударып жатыр. Өзекті боп тұр ғой, Жалғыз Қытайдағы емес, шеттегі қазақтардың бәрінің де мәселесі өзекті боп тұр қазір. Соларға деген сағыныш бар, соларға деген сенім бар, үміт бар», - дейді Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, ақын Ғалым ЖАЙЛЫБАЙ.

Новости партнеров