Алматыда 2 күн бойы I халықаралық ультрадыбысты диагностика конгресі өтті. Медицинадағы Ультрадыбыстық зертхананың қазақстандық Қауымдастығы ұйымдастырған іс-шараға Оңтүстік Корея, Өзбекстан, Украина, Ресейден 3 мыңнан аса медицина маманы қатысты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Конгрессте аталған саланың 6 бағыты бойынша нақты диагноз қою, қатерсіз ісік ауруларын анықтау мен емдеу және қателіктерге жол бермеу сынды өзекті мәселелер талқыланды. Конгресте акушерия және гинекология, педиатрия және эхокардиография, онкология, гастроэнтерология, сондай-ақ, қан тамырлары патологиясының ультрадыбыстық диагностикасы тақырыбында 63 баяндама жасалды.
«Әркім өзінше білгенін істейтін. Біреу Ресейге барып оқып келген. Біреу шетелде оқыған. Біркелкі протокол да жоқ еді бұрын. Біз соның бәрін қалыптастырып жатырмыз. Барлығын тәртіпке алып, келтіріп жатырмыз. Протоколда бастап, соңғы тұжырым, қортынды бергенге дейінгі жағдайдың барлығын», – деді «Медицинадағы ультрадыбыстық диагностиканың қазақстандық қауымдастығы» РҚБ төрағасы Асхат Құлтаев.