20 мың қазақстандық жұп бала сүю бақытын сезіне алмай жүр

20 мың қазақстандық жұп бала сүю бақытын сезіне алмай жүр
Әйелдердің орташа 15-20%-ы экстракорпоралдық ұрықтандыруға жүгінеді
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Қазақстанда шамамен 20 мың жұп бала сүю бақытын сезіне алмай жүр. Олардың 15-20%-ы экстракорпоралдық ұрықтандыруға жүгінеді. Бұл туралы репродуктивті медицина орталығының гинеколог-репродуктологы Ләззат Айтқожина айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Оның айтуынша, 25 жасқа дейінгі бала туатын жастағы қыздар арасында ерте жүктілік және аборт мәселесі өзектілігін жоғалтқан жоқ.

«Өкінішке орай, әйелдер қауымы арасында көпшілігі абортты қажетсіз жүктіліктің алдын алудың бірден-бір тәсілі деп санайды. Аборттан кейінгі ең қорқынышты диагноз - бедеулік. Бүгінгі таңда елімізде әрбір бесінші отбасы осындай жағдайды басынан өткереді, сондықтан репродуктивті денсаулық тәуекелі факторларының алдын алу және оларды басқарудың жүйелі тәсілін қолдану өте маңызды», - деді дәрігер.

Дәрігер бала болмаудың бірнеше себебін атады.

«Бала барлығына керек. Бедеуліктің себептері әртүрлі болуы мүмкін. Бұл негізінен эндокриндік факторлардан, семіздік, труба факторы, ерлер факторы, жыныстық жолмен берілетін түрлі аурулар қатары, экология әсерінен болуы мүмкін. Дұрыс тамақтанбау мен салауатты өмір салтын ұстанбау да себепші болып жатады. Жылына біз экстракорпоралдық ұрықтандыру бойынша 4 мың түрлі бағдарлама дайындаймыз», - деді дәрігер.

Ләззат Айтқожинаның айтуынша, ұрықтандыру «зергерлік өнер» тектес, эмбриондармен барлық емшаралар микроаспаптарды қолданып, зор ұлғайтумен жасалады.

«ЭКО жасату бала сүюге 100% кепілдік бермейді. Нәтиже 50 де 50 болуы мүмкін. Алғаш рет нәтиже шықпай қалатын жағдайлар көп кездеседі. Бірақ көптеген ата-аналар берілмейді, біздің барлық ұсыныстарымызды басшылыққа алып, қажетті ем алып қайта оралады. Мысалы, менде 2007 жылдан бастап жүкті болуға тырысып жүрген пациент бар. 11 жыл бойы ол ана бақытына ие болу үмітімен бізге келуде. Біз онымен бірге осы мақсатқа қол жеткізу үшін барлық мүмкіндіктерді жасап келеміз. Үмітіміз әлі де бар», - деді маман.

Қазақстанда 20 мың жұп бала сүю бақытын сезіне алмай отыр. Сол себепті әйелдердің орташа 15-20%-ы экстракорпоралдық ұрықтандыруға жүгінеді. Көп адамдар квота кезегін күтіп жүр. Қазақстанда  жылына ЭКҰ 900 квота беріледі. Емделушілер өз кезегін бір жыл немесе одан да көп күтуіне тура келеді.

Ляззат Айтқожинаға күніне қабылдауға 25-ке жуық адам келеді. Олардың төртеуі - жаңа пациенттер болса, қалғандары емдеу курсынан өтіп ЭКҰ дайындалып жатқандар. Алматыдағы репродуктивті медицина орталығы орта Азиядағы ең үлкен орталық болғандықтан отбасылар тіптен Ресей, Қырғызстан, Тәжікстан мен басқа да ТМД елдерінен келуде. 5-6 жыл ішінде 500-ге жуық әйел дәрігердің көмегімен ана болу бақытына ие болды.

«Біз жаңа технологияларды қолданамыз. Сапалы генетикалық талдау жасайтын арнайы аппарат бар. Егер бұрын біз тек 9 хромосомаға талдау жасай алатын болсақ, қазір эмбрионды жатырдың қуысына ауыстырғанға дейін ұрықтың денсаулығын анықтауға болатын, яғни барлық 23 хромосомалардың генетикасын тексеруге мүмкіндік бар. ДНҚ фрагментациясын тексеретін аппарат та қолданыста», - деді дәрігер.

Бірнеше жыл бұрын бағдарлама бойынша 10 әйелдің тек 20-30% жүкті болса, бүгінде бұл көрсеткіш 75%-ға дейін өскен. Бұл жаңа әдістермен, заманауи технологияларға да тікелей байланысты. Мамандар отбасылық жұптар дәрігерге уақытында жүгінсе дейді. Себебі уақытты жіберіп алмау өте маңызды. Сарапшылар Алматы қаласының жоғарғы оқу орындары студенттерінің арасында зерттеу жүргізген болатын. Респондент-қыздардың 57%-ы 20-25 жас аралығында отбасыларын құруды жоспарлайды екен ал, респондент-ұлдардың 30%-ы 20-25 жас аралығында, 34%-ы 25 жастан кейін үйленгісі келетінін айтқан.


Новости партнеров