Алматының полицейлері, құтқарушылары мен медицина қызметкерлері Жаңа жылдық мерекенің қалай өткенін айтты

ehonews.kz
ehonews.kz
Пиротехникалық бұйымдарды ұқыпсыз пайдаланудың салдарынан осы Жаңа жылдық мереке кезінде 13 адам мекемелерге көмек сұрап жүгінген
Жаңалықтармен бөлісіңіз

Алматы тұрғындары мен қонақтары демалып жатқанда, құтқарушылар, полицейлер мен дәрігерлер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз етті. Жаңа жылдың демалыс күндері аяқталысымен мамандар Өңірлік коммуникациялар қызметінің алаңында төтенше жағдайлар қызметінің жұмысын қорытындылады. Мегаполисте Жаңа жыл мерекесі басқа мерекелермен салыстырғанда тыныш өтті, жаппай демалыс орындарында оқыс оқиға болған жоқ. Бұл туралы ӨКҚ брифингінде Алматы қаласының Полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басшысының орынбасары Диас Дуанбеков мәлім етті, деп хабарлайды Almaty.tv.

Жаңа жылдық мереке күндері күнделікті жүздеген полиция қызметкері жұмысқа шықты. 2022 жылдың 25 желтоқсанында қалада «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өткізілді. ПД қызметі мен бөлімшелерінің жеке құрамы қызметтің күшейтілген нұсқасына ауыстырылды. Патрульдік полиция жасақтарының саны ұлғайтылып, жаяу патрульдік маршруттар әзірленді.

«Адамдар көп жиналатын нысандарға, сондай-ақ мерекелік және ойын-сауық шараларын өткізуге арналған орындарға ерекше назар аударылды. Қабылданған шаралардың нәтижесінде ауыр және аса ауыр қылмыстардың алдын алуға мүмкіндік туды. Негізінен бөтеннің мүлкін ұрлау фактісі басым болды. 31 желтоқсан мен 3 қаңтар аралығында қалада  бөтеннің мүлкін ұрлаудың 30 дерегі тіркелсе, оның 24-і жедел іздеу барысында ізі суымай ашылды», – деді Д. Дуанбеков.

Сонымен бірге, бұл күндері мегаполисте 2 бұзақылық, 1 тонау ісі орын алған. Күдіктілер қылмыс орнында ұсталды. Сонымен қатар, есірткіге қатысты 2 қылмыс анықталды. Жалпы, полиция қызметкері атап өткендей, қалада жағдай тұрақты және бақылауда.

Айта кетерлігі, облыстың Полиция департаментінің қызметкерлері азаматтарға жол қозғалысы ережесін сақтау, әсіресе ауа райының қиын жағдайында бірнеше рет ескерту жасаған.

Алматы құтқарушылары да күшейтілген түрде қызмет көрсетті, өрт сөндіру бөлімшелері дайындықта болды. Жаңа жылдағы қауіпсіздікті қамтамасыз етуде ең қиындау бағыттарының бірі – пиротехникалық құралдарды пайдалану. ТЖД Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік өртке қарсы бақылау басқармасының басшысы Данияр Жүсіпов мереке күндеріне дейін пиротехникалық заттар сататын орындардың барлығы дерлік тексерілгенін айтты.

«Пиротехника» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында Алматы қаласының ТЖД мен ПД қызметкерлері пиротехникалық бұйымдар сатылатын орындарда рейдтер жүргізуде. Пиротехникалық бұйымдарды өткізу ережелерін бұзған 50 тұлғаға қатысты әкімшілік әрекет ету шаралары қолданылып, ҚР заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін 603-тен астам пиротехникалық бұйымдар алынып тасталды», – деді Д.Жүсіпов. .

Қабылданған шаралардың көмегімен пиротехникалық бұйымдар салдарынан болатын өрт көлемін 3 есеге дейін азайтуға мүмкін болды, 5 өрт оқиғасы тіркелді, олардың біреуі пиротехника салдарынан болған.

«Пиротехникалық бұйымдарды пайдаланудан зардап шеккендер саны 3 есеге қысқарды. Пиротехникалық бұйымдарды ұқыпсыз пайдаланудың салдарынан осы Жаңа жылдық мереке кезінде 13 адам (оның ішінде 3 бала) медициналық мекемелерге көмек сұрап жүгінген. Өткен жылдың осы кезеңінде 39 адам зардап шекті (оның 29-ы балалар)»– деп жалғастырды құтқарушы.

Жаңа жылдық мереке күндері кездесетін дәстүрлі проблемалардың бірі – улану. Алматы қалалық жедел жәрдем қызметі директорының орынбасары Андрей Ложкин өткен демалыс күндері олар әдеттегідей жұмыс істегенін айтты. 217 бригада жұмылдырылды, оның ішінде: 186 жедел жәрдем бригадасы және емханаларда 31 жедел медициналық жәрдем бригадасы.

«Тәулігіне 3 мыңға жуық қоңырау соғылды. Оның 30%-ға жуығы жедел жұқпалы аурулармен шақырылғандар. Оның 50 пайыздан астамы балаларға шақырылды. ЖКО бойынша шақыртулардың 10%-ға жуығы, оның ішінде: жол-көлік оқиғасы бойынша 26 шақыру – 21 зардап шегуші әртүрлі локализациядағы жарақаттармен ауруханаларға жеткізілді. Мереке күндері пиротехникалық өнімдерден 13 адам зардап шекті, оның үшеуі бала. Сипаттамасы бойынша – бет пен көздің термиялық және жарылу жарақаттары бойынша 9 жағдай, қолдың төрт жарақаты», – деді А. Ложкин.

Сонымен қатар, мереке күндері жедел жәрдем бригадалары 3 әйелді үйде босандырып алды, жаңа туған нәрестелері бар аналар акушерлік стационарларға жеткізілді.

Сондай-ақ, А. Ложкин 2023 жылдың 2 қаңтарында орын алған оқиғаға тоқталып, апаттық желіге Ташкент-Алматы рейсінде турбуленттік аймаққа түскен  ұшақтың апатты жағдайда қонғаны және  зардап шеккен 5 адамнан хабарлама келіп түскенін айтты.

«Зардап шеккен Өзбекстанның екі азаматы басынан және аяқ-қолынан жарақат алып, жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді, үшеуі тексерілуден бас тартты», – деп түйіндеді спикер.

Новости партнеров