«СК-Фармация» ЖШС басқарма төрағасы Ерхат Есқалиев қанша жалақы алатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.
«Жалақыма қатысты айтар болсам, ол 750 мың теңгеден басталады. Бірақ менің жұмысқа кіріскеніме бір ай да болған жоқ. Таяуда кеңес барысында жалақының тиісті деңгейі бекітілуі тиіс. Ал әкімшілік шығындарға байланысты жұмыс тобын құрдық. Қазірдің өзінде есеп-қисабын аяқтап қалдық. Жалдау шығындарын 10 пайызға, жалға алынатын алаңдар көлемін 20 пайызға дейін қысқарту көзделеді», – деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның дерегінше, жыл соңына дейін «СК-Фармация» шығындарын 200 млн теңгеге дейін төмендету жоспарланып отыр.
«Дегенмен бұл соңғы цифр еместігін атап өткім келеді. Жұмысты жалғастырып жатырмыз. Бізге шығындарды ұлғайтпай жедел қор құру, жеке нарық және гуманитарлық жүк сынды қосымша қызметтер жүктеліп отыр. Біз барынша тиімді жұмыс істеуге тырысамыз», – деді Ерхат Есқалиев.