Алматыда «Үздік медицина қызметкері» байқауы ұйымдастырылды. Мақсат – дәрігерлердің кәсіби біліктілігін арттыру, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.
Конкурсқа қаладағы әр түрлі медициналық мекемеден 14 медбике қатысып, науқастарға жедел көмек көрсетуде тәжірибелік сынақтан өтті. Іскерлік белсенділігімен көзге түскен қызметкерлердің жұмысын арнайы сарапшы мамандар бағалады. Жарыстан топ жарып шыққандар республикалық кезеңге жолдама алып, қала намысын қорғайтын болады. Айта кетейік, байқау халықаралық медбикелер күніне орай қалалық қоғамдық денсаулық басқармасының қолдауымен өткізілді.
«Мұндай шаралар дәрігерлердің кәсіби имиджін қалыптастыру үшін аса маңызды. Сол себепті байқау ұйымдастыруды біз дәстүрге айналдырдық. Оның үстіне жыл өткен сайын медбикелердің медицина саласында алатын орны да айқындалып келеді. Олар бұрынғыдай дәрігердің көмекшісі ғана емес, түрлі деңгейде білімін жетілдіруге мүмкіндігі бар», – деді Медицина ғылымдарының докторы Сұлтан Сейдуманов.