Елдің бірнеше өңірінде парацетамол тапшы. Осылай деп дабыл қаққан қалың көпшілік дәрілік препараттың жетіспеушілігі әсіресе Қарағанды, Павлодар, Ақтөбе облысында байқалатынын айтты, деп хабарлайды Almaty.tv.
Парацетамолды сарылып күтіп жүрген дәріханашылар да қызуы көтерілген жұртқа амалсыздан оның балама түрін ұсынып жатыр. Ал жауаптылар тапшылықтың бар-жоғын нақты айта алмай отыр.
Тұмауратып, қызуы көтерілген Қарағанды жұрты парацетамол іздеп, шарқ ұрып жүр. Сатылымда тек балаларға арналған нұсқасы мен препараттың баламасы ғана бар. Дәріханашылар парацетамолды екі айдан бері сарылып күтіп жүргенін айтады.
Ал бұған жауапты орган өкілдері парацетамол тапшылығын байқамаған. Олар дәріханалардан бұл препаратты таппаған жағдайда, оның баламасын қолдануға кеңес берді.
«Парацетамол қосылған дәрілік заттар бар қызуды түсіретін. Олар – ацетилсалицил қышқылы, ибупрофен, нимесулин. Сондықтан да парацетомол жоқ десе, мүлдем дәрі жоқ деп түсінбеу керек. Қызуға қарсы басқа да дәрілік заттар бар», – деді ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Қашқымбаева.
Денсаулық сақтау министрлігіне қарасты фармацевтикалық бақылау комитетінің мәліметінше, қазір республика көлемінде көтерме және бөлшек сауда желісінде ыстықты басуға қарсы 9 миллионға жуық қаптама бар. Оның ішінде парацетамолдың 1 миллион 300-ге жуық қоры сақталған.
Диана Сапарқызы, Арсен Сандыбаев, «Алматы» телеарнасы, Қарағанды облысынан