Эпидемия маусымы: СҚО-да 80 мыңнан астам науқас тіркелген

Almaty TV
Almaty TV

Мамандардың айтуынша, аурудың өршуіне өңірде ұзаққа созылған сарышұнақ аяз себеп болған

Жаңалықтармен бөлісіңіз

Елдің солтүстігінде жұқпалы дерт біртіндеп дендеп барады. Өңірде жіті респираторлы вирустық инфекцияны жұқтырғандардың тұрақты өсімі байқалып отыр, деп хабарлайды Almaty.tv тілшісі.

Эпидемия маусымы басталғалы 84 мыңға жуық науқас тіркелген. Жергілікті жұрт үрейленіп, аурудың ауыр өтіп жатқанын байқаған. Олардың дене қызуы күрт көтеріліп, бұлшықет ауруы және оңалуы ұзаққа созылған. Петропавлдықтардың дені биыл вирустық дерттің асқынған түрімен күресіп жатыр. Аурудың басты белгісі - тыныс алу жолдарының зақымданып, әлсіздіктің пайда болуы. Жұқпалы инфекциямен сырқаттанған Карлыға Хамзина бір ай бойы сауыға алмай, ұзақ уақыт ем қабылдауға тура келгенін айтты.

– Өте қиын өтті. Жөтел бір айда да кетпеді. Отбасымызбен ұзақ уақыт бойы ауырып, түрлі дәрі-дәрмек іштік. Оның өзінде ештеңе көмектеспеді. Қайта-қайта жөтел қысты, қатты ауырдық. Бұрын мұндай симптомдармен бір апта ішінде оңалып кететінбіз, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Қарлыға Хамзина

Ал 78 жастағы зейнеткер Галина Некрасова дертті жұқтырған соң алғашқыда үйде өз бетінше емделуге тырысыпты. Дене қызуы 40 градусқа дейін көтерілген. Алайда науқас аурудың азабына көп төзе алмай, дәрігерлерге жүгініп, ауруханадан бір-ақ шыққанын айтты.

– Дене қызуым қатты көтерілді. Түнде тұла бойым дірілдеп, қатты мұздап шығатынмын. Жақындарым да осылай сырқаттанды. Мұндайда бұлшық ет те қатты ауырады екен. Үйге дәрігер шақырып, олар ем тағайындады. Жеті күн антибиотик қабылдадым, – деді Петропавл қаласының тұрғыны Галина Некрасова.

Мамандардың айтуынша, аурудың өршуіне өңірде ұзаққа созылған сарышұнақ аяз себеп болған. Дәрігерлер «емханаларға келген науқастардың дені – балалар» дейді. Биыл облыста кәмелетке толмағандар арасында инфекция жұқтыру бойынша 54 мыңнан астам жағдай тіркелген.

– Өткен эпидемиологиялық маусыммен салыстырғанда ЖРВИ сырқаттанушылықтың 1,9 есеге өскені байқалып отыр. Науқастардың 65 пайызын 14 жасқа дейінгі балалар арасында құрап отыр. ЖРВИ мен тұмаудың алғашқы белгілері пайда болғанда, өзін-өзі емдемей бірден медициналық көмекке жүгінуі қажет, – деді Санитариялық-эпедемиологиялық бақылау департаменті бөлімінің басшысы Салтанат Бекқожина.

Өңірде тұмау да өршіп тұр. Ал жіті респираторлық вирустық инфекция жұқтыру бойынша 74 жағдай расталған.

Гүлмарал Изатқызы, Әйкерім Пернебек, Асар Ербұлан, «Алматы» телеарнасы, СҚО

Новости партнеров